Соңғы жылдары Қазалы ауданында елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда аудан орталығына жақын орналасқан Ғ.Мұратбаев, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Басықара ауылдары көгілдір отынның игілігін көріп отырса, қазан айында Абай ауылының тұрғындары да табиғи газды тұтынатын болады.
Ал биыл ауданда елді мекендерді газдандыру бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. Соның бірі ауданға қарасты Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би Майдакөл, Ү.Түктібаев елді мекендеріне магистральды газ құбырын тарту жұмыстары.
Бүгін аталмыш 5 ауылға магистральды газ құбырын тарту жұмыстары басталды. Тартылатын газ құбырының жалпы ұзындығы 56,8 шақырымды құраса, бұл жұмыстармен мердігер мекеме «Отау – Строй» ЖШС айналысуда.
Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет 5 ауылды газдандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды көріп, газ құбырын салу жұмыстарының жобасымен танысты.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ақтан батыр ауылына орамішілік газ тарту жұмыстары да басталып кетті. Бұл жұмыстардың барлығы толығымен аяқталғаннан кейін жалпы аудандағы елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 68 пайызды құрамақ.