Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев кезекті жеке қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдады.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі жұмысқа орналасу туралы қозғаса, кейбірі тұрғын үй мәселесі бойынша жүгінді.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы келушілердің мәселелеріне жеке тоқталды. Тұрақты жұмыс сұрап келген азаматтарға кәсіпкерлік нысандар мен мекемелерден түскен сұраныс бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Тұрғындардың өтінішіне сай мамандығына сәйкес және қоғамдық жұмысқа орналасу бойынша жауапты бөлім басшыларына заң шеңберінде барлық мүмкіндіктерді қарастыруды тапсырды. Ал тұрғын үй қажеттілігімен келген адамдарға өңірдегі тұрғындарды баспанамен қамту әр санат бойынша жүргізілетіндігін түсіндірді.

Айта кетейік, жыл басынан бері 180-нен астам адам аудан әкімінің қабылдауында болып, өздерінің мәселелерін жеткізді. Тұрындар аудан әкімінің қабылдауына е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш тастау арқылы жазыла алады.

БӨЛІСУ