Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет Ақтан батыр, Жанқожа батыр және Бекарыстан би ауылдарының халқымен кездесіп, ондағы әлеуметтік нысандардың қысқы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын қадағалады.

Ең әуелі Ақтан батыр ауылына ат басын бұрған аудан басшысы жыл соңына дейін ауданға жақын орналасқан ауылдардың бірі болып саналатын бұл округ тұрғындары көгілдір отынның қуанышына кенелетінін жеткізді.

Мұнымен қоса жыл басынан бергі ел ішінде атқарылған жұмыстардан хабар беріп, алдағы жоспарлармен де бөлісті. Ауылдық клубта өткен кездесу тұрғындардың ұсыныс-пікіріне ұласып, бірқатар мәселелер көтерілді. Аудан басшысы барлық айтылған түйткілдер назарда екенін жеткізіп, шешілу жолында тиісті жұмыстар жүретінін айтты.

Кезекті кездесуі Арықбалық және Майдакөл ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Жиында аудан басшысы ауданда атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
– Өздеріңізге белгілі, алдымызда ауқымды шаруалар күтіп тұр. Соның бірі – Жанқожа батыр бабамыздың 250 жылдық мерейтойы. Бұған қатысты жоспарларымыз аз емес.
Оның үстіне қазір баба атындағы округте ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Ол – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектеп құрылысы. Қазіргі таңда өздеріңіз күнделікті көріп отырсыздар мектеп құрылысы қарқынды жүргізілуде. Мұнымен қоса баба тойының қарсаңында Жанқожа батыр ауылына кіреберістегі жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек, – деді аудан әкімі.

Қос ауылдың тұрғындарымен өткен кездесулерде тұрғындар тарапынан жұмысқа орналасу, жол жөндеу, электр желілерін жаңарту, жер мәселесі, ауыл маңынан скважина қазу сынды мәселелер көтерілді.

Аудан әкімі қойылған сауалдарға жеке-жеке тоқталып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Тұрғындармен өткен кездесулер барысында аудан басшысы жеке мәселелері бойынша жүгінген тұрғындармен қабылдау өткізіп, көтерген мәселелері бойынша заңдылыққа сәйкес жұмыс жасалатындығын жеткізді.

Айта кетейік, аудан басшысы әлеуметтік нысандарды аралау барысында Жанқожа батыр ауылындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектеп пен Бекарыстан би ауылындағы спорт кешенінің құрылысын көрді.

БӨЛІСУ