Бүгін қала әкімдігінің баспасөз орталығында Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтың қатысуымен брифинг өтті. Басқарма басшысы жалпыға бірдей декларациялаудың мерзімі бойынша ақпарат берді.

– Жалпыға бірдей декларациялаудың 3-ші кезеңінің аяқталуына 2 күн қалды. Яғни, кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары 15 қыркүйекке дейін ел аумағындағы және шетелдегі активтері жөнінде дерек ұсынуы тиіс. Декларацияны электрондық түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.kgd.gov.kz) арқылы ұсынуға болады. «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz), сондай-ақ e-Salyq Azamat және eGov mobile, halyk, kaspi.kz мобильді қосымшалары арқылы жүзеге асырылады, – деді басқарма басшысы Фердоуси Әбілқасымұлы.

Бүгінде Қызылорда қаласы бойынша «Жеке тұлғалардың активтері мен міндеттемелері туралы» декларацияны (250.00 СЕН) міндеттелген 38 044 жеке тұлғаның 32 171 -і (82,4%), «Жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкі туралы» декларацияны (270.00 СЕН) 58 662 жеке тұлғаның 52 267-сі (89,1%) ұсынған.

Аталған жалпыға бірдей декларацияны белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, ҚР-ның «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 272-бабына сәйкес әкімшілік шара көзделген. Бірінші рет ескерту түрінде, егер екінші рет бір жыл ішінде қайталанса 15 айлық көрсеткіш айыппұл салынады.

БӨЛІСУ