Жалпы облыс бойынша 189 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 85,6 мың гектарды құрайды.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында биылғы жылы диханшы қауымға су қажетті деңгейде жеткізілді. Шаруашылық құрылымдары егілген ауылшаруашылығы дақылдарына күтіп – баптау жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай жүргізді.
Сонымен қатар, егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалармен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқыштармен толық қамтамасыз етілген.
Бүгінде егілген 85,6 мың гектар күріштің 27,7 мың гектары орылып, 19,2 мың гектары бастырылды. Тиісінше, егілген әр гектардан орташа есеппен 49,6 центнерден өнім алынуда.
Қазіргі таңда облыста егілген егін жинау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде.
Аймақта бірқатар күріш шаруашылықтары жұмыс жасауда. Солардың бірі салада ұзақ жылдық тәжірибесі бар «Таң ЛТД» ЖШС биыл 3000 гектар жерге егін еккен. Оның ішінде 1500 гектарға күріш дақылы орналастырылған. Қазіргі таңда күріштің әр гектарынан орташа есеппен 85 центнерден өнім алуда. Басым бөлігі ресейлік каурис сорты және лидер, альянс сорттары жерсіндірілген. Бұдан бөлек, 80 гектарға қант құмайы, 800 гектарға жоңышқа, 150 гектарға түйежоңышқа дақылдары егілді.
«Таң ЛТД» ЖШС Қытайлық компаниямен бірлесіп тамшылатып суару әдісімен 3000 гектар жерге жүгері егу жобасын іске асыруда. Қазіргі таңда 800 гектарға жүгері дақылы тамшылатып суару әдісімен жүгері дақылы егілді.
Сонымен қатар, Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығыда жалпы 3500 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның ішінде 1300 гектарға күріш егіп, бүгінде әр гектарынан орташа өнім 89 центнерден келуде.
Бұдан бөлек, 12 гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары, 430 гектарға жоңышқа дақылдары егілген.
Шаруашылықта тамшылатып суару әдісімен 6 гектар жерге қарқынды алма бағын орналастырған. Бүгінде 5000 түп «Голден Делишес», 5000 түп «Джонатан», 2650 түп «Ренет Семиренко» ағаш сорттары отырғызылып, күтімге алынған.
Сырдария ауданында 34 253 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде, күріштің көлемі – 21 852 гектар (63,8 пайыз. 2023 жылы 21811 га, 1959 га артық). Қазір шаруашылықтар шығымы мол егінді қызу жинауда.