Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алушылар эпидемиолог дәрігерлермен кездесті. Түсіндірме жұмыстары студенттердің денсаулығын сақтау мен жақсарту, қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Қалалық 2 емхананың эпидемиолог дәрігер Айнагүл Надырбайқызы, Сұлтан Алексей және университет медбикесі Гүлнар Есмаханова сирек кездесетін вирустық зоонозды ауру маймыл шешегі туралы білім алушыларға кең көлемде ақпарат берді.
Маймыл шешегі (mpox) – жануарлардан адамға немесе адамнан адамға жұғатын вирустық ауру. Бұл ауруға қызба, бас ауруы, бұлшықет ауырсынуы, әлсіздік және тән бөртпе тән. Вирус негізінен теріге немесе дене сұйықтықтарына тікелей жанасу арқылы, сондай-ақ ластанған заттар арқылы беріледі.
Маймыл шешегі қалай жұғады?
Жануардан адамға: Вирус жұқтырған жануарлармен, мысалы, кеміргіштермен және приматтармен жанасқанда жұғуы мүмкін.
Адамнан адамға: Вирус тығыз физикалық байланыс арқылы беріледі. Сондай-ақ, жұқпалы адаммен тікелей байланыста, ауа тамшылары арқылы немесе ластанған заттармен жанасу арқылы жұғуы мүмкін.
Заттар арқылы: Вирус заттар мен беттерде сақталып, олармен байланысқанда жұғуы мүмкін.
Алдын алу шаралары:
Жұқтырған адамдармен байланысты болдырмау: Шешекпен ауырған адамдармен, әсіресе тығыз байланыста болудан аулақ болыңыз.
Қол гигиенасы: Қолды үнемі сабынмен жуыңыз немесе антисептиктерді қолданыңыз.
Беттерді дезинфекциялау: Жұқтырған адамның қолы тиген барлық беттерді мұқият дезинфекциялаңыз.
Қорғаныс құралдарын пайдалану: Ауырғандарға күтім жасау кезінде маска мен қолғап киіңіз.
Оқшаулау: Симптомдар пайда болса, оқшауланып, дәрігерге көрініңіз.
Жануарлар арасындағы таралуды болдырмау: Жабайы жануарлармен байланыстан аулақ болыңыз және жануарлардың етін жақсылап пісіріп қолданыңыз.
Кездесуге 1,5,7,9 оқу ғимаратының білім алушылары қатысып, сала мамандарымен пікір алмасты. Алдағы уақытта іс-шаралар жалғасын табатын болады.