Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Аққұм ауылдық округіне барып, тіректі елді мекен тұрғындарымен жүздесіп, елге ортақ мәселелерге қанықты.

Алдымен ауылдағы «Аяулым» жеке-бөбекжай бақшасына барып, жұмысымен танысты. Кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен салынған 140 орындық бөбекжайдың бүгінде жұмысы қалыпты, ауыл балаларын тәрбиелеуде сапалы жұмыс атқарып келеді. Аудан басшысы бала бақша басшылығымен жүздесіп, әр үйдің еркелерімен жұмыс жасауда аса жауапкершілік таныту керектігін атап өтті.

Сосын Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектепке барып, алдағы референдумды өткізуде жасақталған №26 референдум учаскесінің дайындық жұмыстарымен танысты. Мектептің жылу қазандығын көріп, жылу беру маусымына дайындық барысын пысықтады.

Мұнан соң тіректі елді мекенге тартырлып жатқан газ құбырының құрылыс жұмыстарына куә болды. Бүгінде газ тарту жұмыстары 70 пайызға орындалған. «JANA KZ QURYLYS» ЖШС мердігер мекемесі жауапкершілігіне алған межелі жұмыс келер жылы толық аяқталып, ел көгілдір отынның игілігін көреді деп күтілуде. Аудан әкімі құрылыс жұмыстарын қадағалаушы мекеме өкілімен жүздесіп, жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ ауылішілік электр желілерін жаңғырту жұмыстарына қанығып, елге жасалған жұмыстың сапасына мән беру керектігін атап өтті.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы елдегі еңселі ғимараттардың бірі ауылдық мәдениет үйінде халықпен жүздесіп, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын мәселелерді атқаруда ел бірлігі қажет екендігін алға тартып, 6 қазанға белгіленген республикалық Референдум өткізуде ағайынды белсенді болуға шақырды.

Елдегі энергияға тәуелділікті жою мақсатында соңғы жылдар бедерінде жиі айтылып келе жатқан Атом электр станциясын салуда оның артықшылықтары мен тиімді тұстары жөнінде аудандық мәслихаттың төрағасы Б.Төрахметов тұрғындарға біршама мағлұмат ұсынды.

Кездесуде ауыл ақсақалдары өздерін толғандырған жайылымды суландыру, жолдағы қауіпсіздік төңірегінде біршама мәселе көтерді. Аққұм ауылдық округіне жасалып жатқан жұмыстарды оң бағалап, ел азаматтарына ризашылығын білдірді.

Аудан әкімі мәдениет үйінде тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштеріне құлақ түрді. Жеке қабылдауға келген азаматтар тұрақты жұмыс және тұрғын үй мәселесімен жүгінді. Аудан басшысы өз кезегінде ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын айтып, тиісті бөлім басшыларымен бірге зерделеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.

БӨЛІСУ