Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен өткен мәжілісте Жосалы кентіндегі Мырзағалиева көшесінен салынатын темір жол өткелі құрылысы мәселесі қаралды. Күн тәртібіне сәйкес аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Т. Насырадин темір жол өткелінің жобасы туралы баяндама жасады.

Мәжіліс барысында аудан әкімі бұл жобаның тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартудағы маңызды рөлін атап өтіп, темір жол үстінен өтетін көпірдің қажеттілігін ерекше назарға алды.

– Алдын ала есептеулер бойынша, жобаның құны шамамен 6 млрд теңгені құрап отыр. Сондықтан, біз бұл жобаның маңыздылығын ескере отырып, әрбір шешімді жан-жақты талдап, ең тиімді деген шешімдерді бірлесіп қабылдауымыз қажет. Құрылыс барысында туындауы мүмкін мәселелерді алдын ала анықтап, оларды дер кезінде шешу бойынша тиісті шараларды қабылдау керек, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары кезінде электр, газ және ауыз су желілерімен коммуналдық қызмет көрсетуге кедергілердің алдын алу мен темір жол қозғалысына қатысты мәселелер талқыланды. Аудан әкімі бұл мәселелерді алдын ала зерттеп, оларды шешу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

Сонымен қатар, аудан басшысы мәжіліс барысында осындай жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі бар аудандардан мамандардың кеңестерін алу қажеттігін де атап өтті.

БӨЛІСУ