V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Қызылорда облысының «Сұлу Сырдан сазды сәлем!» атты этно концерті өтті.

Шара Дәулеткерейдің «Көрғұлы» күйіне қойылған «Қазыналы қазағым» прологымен ашылып, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі және «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен, «Томирис» би ансамблінің биімен, Марат Сүгірбайдың жырымен, Руслан Ахметовтің төгілтіп айтқан термесімен жалғанды. Сондай-ақ Қорқыттың «Сарын» және Мұрат Сыдықовтың «Мұраттың төкпесі» күйіне шетелдік азаматтар да тәнті болып, өнерпаздарға қошемет білдірді. Бұған қоса, “Тойбастар” көрінісінде Үміт Медеуова, Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Майра Сәрсенбаевалар мен Бейсенбек Төлеубаев, Әділхан Қуаңбаевтардың орындауындағы Сыр сүлейлерінің шығармашылығы Сырға ғана тән бекзада өнерді тағы бір асқақтатты. Ал, дәстүрлі әнші Б.Қарғабаев, классикалық ән орындау шеберлері С.Тасбергенова, М.Аманжолов, А.Табынбаев, А.Қойшығаралар халық әндерін, Абай әндерін, өңір композиторларының шығармаларын тарту етті. Дүйім жұрттың қошеметіне бөленген концерт Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Елена Әбдіхалықованың «Сыр елім» атты әнімен түйінделді. Концертке ҚР Мәдениет саласының үздігі Азиза Іздіқұлова режиссерлік етті. Ұлттық өнеріміздің абыройы асқақтай берсін!

БӨЛІСУ