Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын тапсырмалар талқыланып, Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мақұлданды. Жауапты ведомство басшыларына алдағы міндеттер бойынша бірқатар тапсырма берілді.

Үкімет отырысынан кейінгі арнайы мәжілісте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аталған құжат негізінде әзірленетін өңірлік жоспардағы басым бағыттарға тоқталды.

«Өткен аптада Жолдауды іске асыру мәселелерін арнайы қарап, нақты тапсырмалар бердім. Жоспардағы негізгі шаралар халықтың табысын арттыру, әлеуметтік теңсіздікті азайту, инфрақұрылымды одан әрі дамытуға бағытталып, мерзімінде және нәтижелі іске асырылуы тиіс. Облыстық экономика және қаржы басқармасы Жолдауда айтылған барлық тапсырманы өңірлік жоспарға енгізуі қажет. Жоспардың мерзімінде, сапалы орындалуын үйлестіру және бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары Жаналинов Данияр Еренғалиұлына жүктеледі», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – жұмысшы мамандар даярлау, жастардың жұмысшы мамандығына деген қызығушылығын арттыру. Қоғамда еңбек адамының тұлғасын қалыптастыру бүгінгі күннің басты бағдарына айналуы тиіс.

Аймақтағы индустриалдық-инновациялық жобалардың қарқыны жұмысшы мамандарға деген сұранысты жыл сайын арттыруда. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларына жұмысшы мамандар қажет. Білім беру ұйымдары кадр даярлауда сапаға және еңбек нарығындағы сұранысқа айрықша көңіл бөлуі тиіс. 2022-2023 жылдары өңіріміздің 9 колледжіндегі 38 мамандықтың 52 біліктілігі бойынша лицензиялары қайтарылды. Сондықтан саны бар да сапасы жоқ оқу орындарының лицензияларын қайтаруды әлі де жалғастыру қажет.

Облыстық білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалымен бірлесіп, 2025 жылы 9-сынып бітірушілерінің арасынан жұмысшы мамандығын алуға ниетті жастарды 100 пайыз тегін кәсіптік біліммен қамтуға жауапты. Өткен оқу жылында колледждерді 5 895 адам бітірген, 1 870-сі (32%) жоғары оқу орындарына оқуға түскен. Қалған түлектерді тұрақты жұмыспен қамту маңызды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары, қала, аудан әкімдіктеріне осы мәселені қатаң бақылауға алып, бітірушілерді тұрақты жұмысқа орналастыру тапсырылды.

Жиында күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек, облыс үшін өзекті саналатын салық базасын ұлғайту, бюджетті тиімді басқару және сапалы жоспарлау, келесі егін егу маусымына дайындық, жылу беру маусымы қарсаңындағы жоспарланған жұмыстар барысы талқыланды. Аймақ басшысы лауазымды тұлғаларға өз міндетіне жауапкершілікпен қарау, тапсырмаларды мұқият орындау қажеттігін ескертті.

БӨЛІСУ