Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға Өңірлік кеңес төрағасы Ерлан Раимов, кеңес мүшелері (сонымен қатар бейне байланыс арқылы), Палата директоры Пірмұхамед Сыздық және мемлекеттік орган өкілдері қатысты.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Даулетбаева мен басқарманың Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Ақерке Ахметова Қызылорда облысының тұрғындарын жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары туралы, оның ішінде кәсіпкерлік субъектілерге қатысты тұстарын айтып өтсе, кеңес мүшелері кадр жетіспеушілігі қазіргі таңда өте күрделі мәселе болып келетінін және бұл проблеманы тек бірлесе жұмыс жасау арқылы шешуге болатынын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, кадр тапшылығы мәселесі бұған дейін кеңес аясында қозғалған болатын. Осы ретте, кәсіпкерлер мәселенің өзектілігіне байланысты, тіпті өздеріне қажетті кадрлерді оқытудан да бас тартпайтынын айтты. Ендігі ретте, кәсіпкерлер тиісті басқарма орта және жоғары білім беретін оқу орындарымен тығыз жұмыс жасап, өңірде сұранысқа ие мамандықтарды анықтауға жұмыс жасаса деген ұсыныс білдірді. Мемлекеттік орган өкілдері өз ретінде кадр тапшылығы мәселесі оларды да алаңдататынын айтып, мәселенің анық-қанығына жету үшін өндіріс орындарында Өңірлік кеңеспен бірлесіп көшпелі отырыс ұйымдастыру ұсынысын қабыл алды.

Сонымен бірге, сәуір айында өткен кеңес отырысында облыста туризм саласын дамыту мәселесі көтерілген болатын. Осы орайда, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Айдос Пайзуллаев өңірдің туризм саласындағы жобалары, оның ішінде туристік маршруттардың жобасын кеңес қатысушыларына ұсынды. Кеңес мүшелері басқарма өкіліне өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтып, мәселені толығырақ облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен өтетін жұмысшы топ отырысында және Палата алаңында өтетін Сауда, қызмет көрсету және туризм салалық кеңесінде көтеру қажет деген шешім шығарды.

БӨЛІСУ