Бүгін Смағұл Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжінде Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Вандализм – қоғам дерті» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесуге Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімінің қызметкері, аға лейтенант Дәуірбек Ақкөл, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, медиатор Жақсыбай Жакеев, «Қоғамдық келісім» КММ-нің қоғамдық жаңғырту және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұргүл Дүйсебаева және колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.
Кездесу қоғам мүшелері мен жастардың құқықтық сауаты мен мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Қатысушылардың назарына қалалық ішкі істер басқармасы әзірлеген алаяқтық туралы және жасөспірімдердің қоғамдық тыныштық сақтау туралы танымдық бейнеролик ұсынылды. Кездесу барысында Президент тапсырмасымен былтырдан бастап вандализм актілері, қоғамдық және жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза қатаңдатылғаны түсіндірілді. Сонымен қатар, нашақорлықтың жастарға қауіптілігі мен зияндылығы, отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылық және ойынқұмарлықтың алдын алу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.