Бүгін аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Арал қаласында жүргізілген сенбілік жұмыстарын көріп, бірқатар аймақтар бойынша тазалық мәселесін назарға алды.

Алдымен қаладағы Абай және Ғ.Мұстафин көшелерінің қиылысында орналасқан ескі көлікжай ғимараты (ДРЭУ) маңында болып, 1 гектардан астам аумақта жүргізіліп жатқан бұзу, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Арал қаласының әкімі Б.Ұзақовқа осы маңда жүргізілетін кешенді жұмыстар жөнінде бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Бұған дейін қаланың темір жол желісі бөліп жатқан шығыс беткейіндегі тұрғындар тарапынан қоғамдық орындар мен мәдени нысандардың жоқтығы жөнінде ұдайы мәселе көтерілетін. Тұрғындар сұранысына орай алдағы уақытта бұл маң қаланың көрікті жерлерінің біріне айналады деген жоспар бар.

Биыл аудандағы «Аралтұз» АҚ-ның демеушілігі есебінен Арал қаласында бассейін кешені пайдалануға берілмек. Бір қуантарлығы, пайдалануға берілгеннен кейін акционерлік қоғам мен Арал ауданы әкімдігінің келісіміне сәйкес кешенде оқушылар үшін 7 сағат тегін жаттығуға мүмкіндіктер қарастыру жоспарлануда. Халықтың қажетіне сай мұндай кешендерді салу жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Жаз мезгіліндегі тынығу аймағының бір бөлігі саналған бассейннің бірі осы маңда салынбақшы. Сондай-ақ жабық спорт кешенінің құрылысын демеушілер есебінен жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар бұл аумақтың бір бөлігі қоғамдық демалыс орнына лайықталып, балалар ойын алаңы мен бірнеше шағын спорт алаңы салынатын болады. Айналасына көркейту және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Осы маңды гүлдендіру үшін өз қаражатын салуға пейіл кәсіпкер азаматтардың бар екені қуантады. Қазіргі таңда бұл жердегі ескі ғимарат арнайы техниканың көмегімен бұзылып, орнын тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан әкімі А.Оңғарбаев істеліп жатқан жұмыстарды көріп, қала әкіміне тиісті жұмыстарға байланысты бірқатар тапсырмалар берді.

Мұнан соң секторлар бойынша жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстардың барысымен танысты. Мұнда белгіленген кестеге сай түрлі мекеме қызметкерлері «Таза Қазақстан» акциясына өз үлестерін қосып, үлкен аумақтың төңірегінде ретсіз тасталған қоқыс қалдықтарын тазалау жұмыстарын жалғастыруда. Аудан әкімі уақытысында карьерге айналған жерлерді әлі де тегістеу керек екенін айтып, жауапты сектор жетекшілеріне тазалық жұмыстарына қатысты тапсырмалар берді.

Қаланың кіре берісіндегі Айдарбек батыр ескерткішіне соғып, жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарының жай-күйімен танысты. Келешек қоршалған аймақтың жан-жағын жасыл желекпен көмкеру керектігін айтты. Алеяны күтіп ұстау мәселесі бойынша жауаптыларға тапсырма беріп, баба ұрпақтары бұл мәселеде шет қалмау керектігін жеткізді.

Айта кетейік аудан бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы тазалық жұмыстары әр сектор бойынша қолға алынып, Арал қаласының барлық бөлігінде тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қоғамдық орындардағы қоршаулар мен жол жиегіндегі бордюрлерді әктеу, сырлау жұмыстары қолға алынып, ретсіз тасталған қоқыс қалдықтары арнайы техниканың көмегімен қала сыртындағы полигонға шығарылуда.

БӨЛІСУ