Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз».

Қазіргі заманда адамның өмірдегі жағдай мен қоғамдағы орны оның білім мен еңбек қатынасына қарай айқындалатыны сөзсіз. Әлемдік тәжірибеге сай, бүгінде кәсіптік білім беруді дамыту, білім беруді дүниежүзілік стандарттарға сәйкестендіру өте маңызды мәселе болып отыр. Салыстырмалы түрде қазіргі таңда қарапайым жұмысшы мамандығына сұраныс – жоғары. Өндірістің дамуы онда қызмет жасайтын мамандардың біліктілігіне байланысты екені белгілі. Соңғы жылдары елімізде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесіндегі еңбек нарығына қажетті жұмысшы кадрларды даярлауға бетбұрыс басталды. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының алдына еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау талабы қойылды. Сондықтан Мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, жастарға еңбек адамдарының өмірін үлгі ету, олардың қоғамдағы беделін көтеру мәселесін қозғауы құптарлық іс деп санаймын.

Дәулет Омаров,
облыстық ҚХА жанындағы
Ғылыми-сарапшылық топ мүшесі

БӨЛІСУ