Отан қорғауды өздерінің қасиетті борышы санайтын жастардың кезекті легі әскерге аттанды. Әскерге шығарып салу іс-шарасына аудан әкімі Берік Сәрменбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен құқық қорғау қызметкерлері және сарбаздардың ата-аналары қатысты.

Салтанатты іс-шарада аудан басшысы жас сарбаздарға мерзімді әскери қызметтерін жоғары жауынгерлік деңгейде атқаратынына сенім білдірді.

– Келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін ер баланы білекті ғана емес, жүректі, саналы, намысты етіп тәрбиелеу – әрбіріміздің міндетіміз. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деп атап көрсетті. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге – әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің басты міндеті. Ел үшін туған ерлердің намысты болуы оның алған өнегесіне, тәрбиесіне байланысты екені анық. Осы орайда, бүгінгі Отан алдындағы борышын өтеуге аттанғалы тұрған ержүрек сарбаздарымызды тәрбиелеген ата-аналға шынайы алғысымды білдіремін. Елімізде бейбітшілік, шекарамыз мығым болуына, Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқаруға тілектеспін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Мұнан соң «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмаділда Нарымбетов, ата-аналар атынан Ирина Баймаханова сөз сөйлеп, Отан алдындағы борыштарын аман-есен өтеуге тілектестіктерін білдірді. Ал соғыс және еңбек ардагері, батагөй ақсақал Яхия Тасыров ақ батасын беріп, сәт-сапар тіледі.

Айта кету керек, биыл аудан бойынша 130 сарбазды әскерге аттандыру межеленген. Оның ішінде, көктемгі науқанда 75 сарбаз әскерге аттанса, күзгі әскерге шақыру науқанының алғашқы легі бүгін жіберілді. Күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Әскер қатарына 18 мен 27 жас аралығындағы азаматтар шақырылған.

БӨЛІСУ