Апта ағымында аудандық «Достық» үйінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева сан салада қызмет еткен еңбек ардагерлерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында мәдениет саласы бойынша алдағы атқарылатын жұмыстар талқыланды. Өз кезегінде бөлім басшысы Анар Сраждинқызы алдағы уақытта ауқымды жоба қолға алынатындығын жиналған қауымға жеткізді. Бұл ретте, Сырдария ауданында ардагер әкелер ансамблі құрылып, өз жұмысын бастамақ. Келелі басқосуда мәдениет саласының майталмандары мен еңбек ардагерлері ансамбль құрамын жасақтау, әкелердің шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында өз пікірлерін білдірді.
– Мәдениет саласы ауқымдылығымен күрделі. Жауапты қызметте абыройлы еңбек ету – міндетті парыз. Ақылман ардагерлермен бірге тың жобаны қолға алуды мақсат етіп отырмыз. Ансамбль құрамына ел ағалары алынып, қазақы ән өнері кеңінен насихатталатын болады. Мұндай бастамамызды шын ниетпен қолдаған ардагерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Үлкендердің ақ батасын ала берейік, – деді бөлім басшысы.

БӨЛІСУ