Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қызылорда қаласында салынған білім ордасына барып, жұмыс барысымен танысты. Құрылыс алаңына облыстық мәслихат хатшысы Мұрат Тілеуімбетов, облыс әкімінің орынбасарлары, жауапты басқарма басшылары, қала әкімі барды.

Қазір мектеп құрылысы аяқталуға жақын, таяуда ел игілігіне табысталмақ. Сол жағалаудағы заманауи ғимарат 900 орынға арналған.

Ұлттық жобамен Қызылорда облысында 2025 жылға дейін 15 100 орынға арналған, құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп бой көтереді деп жоспарланған. Жайлы мектеп ауыл-аймақтар мен қалаларда бірыңғай стандартпен салынады. Басты ерекшелігі, бастауыш пен жоғары сынып оқушылары екі бөлек блокта білім алады. Балалардың қауіпсіздігі үшін әр блокта бейнебақылау, дыбыстық хабарлау сынды күшейтілген қауіпсіздік құрылғылары орнатылмақ. Сондай-ақ, оқушылардың оқу құралын, ауыстыратын киімін қоюға арналған шкафтармен жарақталады. Бос уақытты тиімді өткізуге, шығармашылығын шыңдауға да лайықты жағдай жасалады. Бұл білім ошақтарында физика, химия, биология және робототехника сыныбы заманауи құралдармен жабдықталады. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылып, сыныптарға touch-экрандар қойылады. Бұдан бөлек, ерекше балалардың білім алуына да бар мүмкіндік жасалады. Оқушылар мектеп қабырғасында спортпен еркін айналыса алады. Жайлы мектептің жобалық қуатына сәйкес бірнеше спорт залы болады. Мұндай мектепте тек оқушыларға ғана емес, мұғалімдерге де жайлы жағдай жасалады. Білім ошағына қатынайтын қоғамдық көліктен, жаяу жүргіншілер жолынан, жарық бағаналарынан мәселе туындамайды.

Сырдария ауданында 1975 жылы өндірістік оқу комбинаты үшін салынған ғимаратқа  №210 О.Әбділпаттаев атындағы орта мектеп  орналастырылған. 250 орынға есептелген  ғимаратта қазіргі күні 439 оқушы оқиды.  

Сырдария ауданының әкімдігімен Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары салынатын «Қызылорда облысы Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде 300 орындық мектеп құрылысын» салу үшін қолданыстағы №210 орта мектебінің (ауласына немесе орнына) жер учаскесіне салу бойынша жұмыстар жүргізілді. 2025 жылы мектеп құрылысы басталады.

Аймақта салынатын жайлы мектептердегі құрылыс барысы облыс әкімінің ұдайы назарында. Нұрлыбек Машбекұлы құрылысты мерзімінде аяқтаудың әрі сапалы етіп салудың өте маңызды екенін тағы да қатаң ескертіп, жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма берді.

БӨЛІСУ