Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Отбасы күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. «Отбасы – бақыт мекені» атты іс-шарада аудан басшысы жанұя бірлік пен ынтымақтың ошағы екеніне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Берекелі шаңырақ – елімізді үйлесімді әрі орнықты дамытудың мызғымас кепілі. Сондықтан мемлекет ана мен баланы қорғау жүйесін жетілдіруге, отбасы құндылықтарын ұлықтауға баса мән береді» деп атап өтті.
Өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі өте маңызды. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Салт-дәстүрге құрмет те, туған елге сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен облыс орталығында «Отбасы», «Анаға тағзым» орталықтары ашылды. Жыл басында 1000 орындық «Өнер орталығы» пайдалануға берілді. Клубтар мен мәдениет үйлері жанынан түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелерді қамтитын «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары жұмыс істеуде. Аудан орталығында ұлттық құндылықтар дәріптелетін «Руханият» орталығы бой көтеруде. «Балалы үй – базар» деп, әулетін ажарлы етіп, ұрпағына саналы тәрбие беріп отырған өнегелі отбасыларға шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, әрбір отбасына амандық, құт-береке тілеймін, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Құттықтаудан соң аудан басшысы өнегесі мол, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, үлгі болып жүрген мерейлі отбасыларды және отбасымен қатар қызметті қатар алып, өз міндеттерін қырағылықпен, қайсарлықпен атқарып жүрген қорғаныс, төтенше жағдай және полиция салаларының нәзік жандыларын «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-құрмет көрсетті.

Мерекелік іс-шарада ауданның көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

БӨЛІСУ