Нағи Ілиясов ауылындағы «Мағжан және К» ЖШС-де егінге орақ түсті. Іс-шараға Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, ауыл ардагерлері мен серіктестік қызметкерлері қатысты.

Егінге орақ салу рәсімінде аудан әкімі егіншілерді науқанның басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
– Сыр күріші – ел ырысы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен жыл сайын аграрлы өңіріміз ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоғары белестен көрініп келеді. Оның ішінде, Нағи Ілиясов ауылындағы дала еңбеккерлерінің ел қамбасын алтын дәнге толтыру ісіне қосатын үлесі қомақты. Биыл да адал еңбекті ту еткен дала еңбеккерлері күріштен мол өнім жинайды деп сенеміз. Өнім мол болсын, қырман тасысын! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Өз кезегінде «Мағжан және К» ЖШС-нің төрағасы Дархан Ералиев шаруашылық тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат берді. Оның қатарында елді мекенді көркейту, тұрғындарды әлеуметтік қолдау жұмыстары бар. Серіктестікте биыл 2500 гектарға күріш, 664 гектарға бидай егіліп, 1107 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған.

Егінге орақ салу рәсімінде «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Төребек Жұмабекұлы жиналғандарға ақ батасын беріп, қамбаның қызылға толуына тілектестігін білдірді.

Бірінші жарты жылдықта ауыл шаруашылығы саласы бойынша
2,7 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,5 пайызға артты.

Ауданда 34 253 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылса, оның ішінде, күріштің көлемі 21 852 гектар (63,8 пайыз. 2023 жылы 21811 га, 1959 га артық).

Анықтама ретінде:жаздық бидай 2368 га, арпа 40 га, мақсары 391 га, күнбағыс 40 га, тары 4 га, жаңа жоңышқа 1853 га, ескі жоңышқа 6903 га, картоп, көкөніс бақша барлығы – 802 га.

Суды үнемдеу және тиімді пайдалану мақсатында аудан бойынша 13 шаруашылық құрылымы 31 даназаманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен
3340 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, жаңбырлатып суару әдісімен 40 гектар жерге күнбағыс, 10 гектар жерге жүгері, 50 гектарға бақша дақылдарын орналастырып, күтіп баптауда.

Бүгінде егілген 2368 гектар бидайдың
1000 гектарынан 500 тонна өнім жиналды.

Ауданда 6 каналдың («Әйтек», «Оразбай», «Жетікөл Жарма», «Жас Қайрат», «Айжанкеткен», «Ақтам») 40,4 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табады.

БӨЛІСУ