Сырдария ауданының баспасөз орталығында, Сырдария аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы С.Өмірбаев және БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізілді.
Брифинг тақырыбы – «Вакцинацияның маңыздылығы және Адам папиллома вирусы ауруының клиникасы, алдын алу шаралары туралы.
Брифинг барысында: вакцинацияның маңыздылығы туралы, АПВ ауруының асқынуынан келетін қауіптер: жатыр мойын обыры туралы және аурудың алдын алу шаралары, АПВға қарсы екпе алу маңыздылығы туралы баяндалды, сонымен қатар, газет тілшісі тарапынан қойылған барлық сұрақтарға жауап берілді.
Адам папиллома вирусы (АПВ) – 200-ге жуық түрді қамтитын тұқымдас вирустарға жатады. Кейбіреулері адам денсаулығына салыстырмалы түрде қауіпсіз, басқалары онкологиялық процестің дамуын белсендіре алады.
АПВ алдын алу жолдары:
- Жыныстық қатынаста тек бір жыныстық серіктес болғаны дұрыс. Бұл әдіс жыныстық жолмен берілетін барлық инфекциялардан, оның ішінде АПВ-дан қорғауға мүмкіндік береді.
- Тосқауыл контрацепциясын қолдану – жеңіл, қолжетімді, бірақ әрқашан инфекциядан 100% қорғай бермейді. Науқас тіпті зақымдалған теріге тиген кезде де вирус жұқтыруы мүмкін.
- Мерзімді профилактикалық тексерулер. Қыздар гинекологиялық тексеруден тұрақты түрде өтуі керек. Осылай аурудың алғашқы белгілерін анықтап, оны емдеуді уақтылы бастауға болады.
- Вакцинация – тиімді және ыңғайлы профилактикалық әдіс! Вакцинация ерлерге де, әйелдерге де жасалуы мүмкін. Ғалымдардың пікірінше, 11-13 жас аралығындағы қыздарды вакцинациялау жатыр мойны обырының даму қаупін 90% – дан астамға төмендетеді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша 2024 жылдың қыркүйегінен бастап 11 жастағы қыздарды АПВ жоғары онкогенді түрлеріне қарсы 4 валентті вакцинамен егу жоспарлануда. АПВ вакцинасы 6 айлық аралықпен 2 рет егіледі. АПВ-ға қарсы 2 валентті вакцина 16, 18 типті антигендерінен және 4 валентті вакцина 6, 11, 16, 18 типті антигендерінен тұрады. Қолданыстағы вакциналардың тиімділігі өте жоғары.
Адам папиллома вирусына қарсы вакцинациялау ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді, екпе ата-аналардың ақпараттық келісімімен, тегін жүргізілетін болады.
Айта кету керек, АПВ вакцинасын әлемнің 110-нан астам елінде, оның ішінде Өзбекстан және Қырғызстан Республикалары сияқты көршілес елдерде егуде.