Конституция күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік осал топтағы отбасыларға Қызылорда қаласы Жаппасбай батыр көшесіндегі бюджет есебінен сатып алынған 150 пәтердің кілтін табыстады. Салтанатты іс-шараға Парламент Сенатының депутаттары Руслан Рүстемов, Наурызбай Байқадамов және Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов қатысты.
Аймақ басшысы баспаналы болған азаматтарға игі тілегін білдірді.
«Мемлекеттік қолдау мен ұлттық жобалар аясында биыл қаржыландырудың барлық көзінен өңірімізде 869 300 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соңғы 2 жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Осылайша, тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген 34 млрд. 100 млн. теңгеге 2,5 мыңнан астам пәтер беріледі. Өңірде жыл басынан бері 750-ден астам отбасы қоныс тойын тойлады. Ерекше атап өту қажет, өткен жылдан бері қаламызда 7, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде. Бүгін өздеріңізбен бірге тағы 150 отбасының баспана бақытына кенелгеніне куә боламыз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Салтанатты шарада Сенат депутаты Наурызбай Байқадамов жерлестерін құттықтады. Қоныстой иелері атынан Гүлдана Майхиева қуанышын жеткізіп, құрылыс саласының ардагері Жанәбіл Нұрқышұлы ақ батасын берді.
Тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Айта кетейік, пәтер кілтін алғандар арасында жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік жағынан осал топ өкілдері бар. Пәтерлердің аумағы 40 шаршы метр, оларды сатып алуға республикалық және облыстық бюджеттен 1 млрд. 854 млн теңге бөлінген.
Сырдария ауданында да аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту жұмыстарын жүзеге асырылуда. Осы бағытта 2024 жылға 50 тұрғын жәй (100 пәтер) сатып алуға бюджет көздерінен 1,5 млрд. теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 100 отбасыны баспанамен қамту межеленген.