Қызылорда қаласының, театрдың қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып, Қызылорда қалалық кеңесінің депутаты болған, әр жылдары театр қайраткерлері одағының, кәсіподақ комитетінің төрайымы, партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқарған Әлия Арысбаеваның есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс.
Туған жері Айдарлы ауылында Ғафурдин Жанұзақов атындағы ауылдық клуб үйінің «Бірлігі жарасқан, тұғырлы текті елім – Айдарлы!» атты өнер фестивалі аясында, Айдарлы ауылдық тарихи-өлкетану қоғамдық негіздегі мұражайы ашылып, соның ішінде Әлия Арысбайға арнайы мұражай бұрышы орнатылды. Мұражайдың ашылуына себепкер болған Әбдіқабыл Ғафурдинұлы мен Әлия Арысбайдың өнердегі әрі өмірдегі жолдасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, “Құрмет” орденінің иегері, “Дара” төсбелгісінің иегері, режиссер Хұсейн Әмір-Темір лентасын қиып, мұражаймен танысты.
Іс-шара барысында келген қонақтар «Айдарлы» халықтық театрының Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романы бойынша дайындаған спектаклін тамашалап, ауыл жастарының сурет көрмесі көрсетіліп, ауылдық клубтың тыныс-тіршілігімен танысты.
Айдарлы ауылынан шыққан Әлия елінің аяулы қызы, Сыр топырағының мақтанышы, өзін сағына іздейтін көрерменінің баға жетпес жарық жұлдызы.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Арысбай Әлия – 1948 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Айдарлы ауылында дүниеге келген. Әлия Арысбайқызы өзінің 40 жылдық өнер жолында, 25 жылдай театрдың басты героинясы болып, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» – Айманды, «Еңлік-Кебегінде» – Еңлікті, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» – Ақтоқтыны, И.Байзақовтың «Ақбөпесінде» – Ақбөпені, Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» – Майраны, Қ.Мұхамеджановтың «Көктөбедегі кездесінде» – Гүлжанды сыршылдықпен, сезімталдықпен бейнелеп, психологиялық тереңдікпен жеткізе білуі артисті ел сүйіспеншілігіне айналдырды.

БӨЛІСУ