Бүгін Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында «Мерейлі отбасы – 2024» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.
Шарада аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет байқаудың үздігі атанған отбасыларды құттықтап, лебізін білдірді.
– Қазақ халқы қашанда отбасын сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың киелі ошағы санаған. Сондықтан әрдайым көзінің қарашығындай қорғап, ар-намысын сақтауға, тәрбиелеуге, өз ұрпағының елге адал қызмет етуіне аса мән берген.
Елімізде 2014 жылдан бері отбасы құндылықтарын нығайту, отбасы мәртебесін көтеру мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ал биыл аталмыш байқауға ауданымызда 23 отбасы қатысты.
Қазылардың шешімімен жеңімпаз атанған отбасыларды шын жүректен құттықтай отырып, облыстық кезеңде де үздіктер қатарынан көрінуге тілектестігімді білдіремін, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң аудан әкімі байқауға қатысқан барлық отбасыларды «Берекелі отбасы», «Зияткер отбасы», «Бақытты отбасы» сынды түрлі номинациялармен марапаттап, сый-сияпат табыстады.
Қазалы ауданы бойынша іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша бас жүлде Шәкішевтер отбасына бұйырды. Ал Байқадамовтар отбасы бірінші орын иегері атанды. Сол секілді екінші орынды Ақниязовтар және үшінші орынды Орақбаевтар отбасы иеленді.
Салтанатты шарада байқауға қатысқан өнерлі отбасылар мен аудан өнерпаздары әннен шашу шашып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Аталмыш байқауда бас жүлде және бірінші иегері атанған, яғни Шәкішевтер мен Байқадамовтар отбасы Қызылорда қаласында өтетін облыстық байқауға қатысуға жолдама алды.
Айта кетейік, өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жыл сайын ұйымдастырылып отырады.