Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы мен Басқармаға қарасты облыстық тілдерді оқыту орталығы жауапты мамандарының іссапар жоспары Жалағаш, Сырдария аудандарында жалғасты.
Семинарға Жалағаш, Сырдария аудандарының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшылары, жауапты мамандары, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері, азаматтық қоғам өкілдері мен тіл жанашырлары қатысты.
Семинар барысында облыс орталығынан барған жауапты мамандар арнайы баяндама оқыды.
— Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын жүргізудің 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамадағы жоспарларды орындау мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласында қолдану аясын кеңейтуге және оның мәртебесін арттыруға тікелей ықпал ететін болады. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар қоғамдық және салалық ұйымдармен бірлесіп, нәтижелі жұмыстар жүргізуі қажет, — деді Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Л.Есім.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, сөздік қорды молайту және қазақ тілін оқытуға арналған порталдармен таныстырды.
— Бүгінде мемлекеттік тіл ұлттық сана мен биік рухты қалыптастыруға апаратын сара жолға айналып келеді. Қоғамда қазақ тілінің қажеттілігі орныға бастады. Соңғы жылдары қоғамның барлық саласы мен мемлекеттік басқару жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңейді, — деді Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Г.Сембиева.
Өз кезегінде қатысушылар баяндамашыларға құнды мағлұмат үшін алғыс айтып, бұған дейін білмеген дүниелерін толықтыруға себепкер болғанын жеткізді. Сондай-ақ, жиналған көпшілік тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдап, зерделеу, әдістемелік көмек көрсету және түсіндіру жұмыстарын жүргізді.