Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен Абай күніне орай лирикалық танымдық іс-шара өтіп, жұртшылыққа кемеңгер тұлғаның мұрасы дәріптелді.

Іс-шарада аудан басшысы хакім Абай құндылықтары арқылы әлем жұрты қазақты танығанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Хакім Абай – ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу ісінде Абай өсиетінің маңызы зор. Адал азамат ұғымы ұлы ақынның «толық адам» тұжырымынан бастау алады. Біз Абай мұрасын насихаттауды жалғастыра береміз» деп атап өтті. Абай Құнанбайұлы дара тұлға ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, тұрмысы, тіршілігі, мінезі және рухы көрініс табады. Хәкім шығармалары арқылы парасатты әрі толық адам философиясына жету, даналық пен ізгілікке қарай қадам басуға болады. Сананы жаңғырту, ұлтқа қызмет етудің адами кеңестері де ұлы ақынның туындыларынан табылады. Сондықтан да бүгінгі өскелең ұрпаққа Абай мұрасын дәріптеп, насихаттауға тиіспіз. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген дана ақынның бірлігі дәл қазір бізге керек. Өйткені, Тәуелсіз елімізді әрі қарай өркендету жолындағы жасампаз істерімізде ауызбіршілігіміз бір болса, ісіміз де берекелі, нәтижелі болмақ. Өзі өмір сүрген дәуірде ғана емес, үшінші мыңжылдықтың жаңа ғасырында да мәні зор, мағынасы терең ақынның поэзиясы мен қара сөздері әлемнің 40-тан астам тіліне аударылған. Міне, хакім Абай құндылықтары арқылы әлем жұрты қазақты таныды. Сондықтан кемеңгер ойшыл даналықтары кейінгі толқынға мол азық. Абайды бір күн емес, әр күні оқып-тоқу, біліп-тану – парызымыз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Танымдық іс-шарада дана ақынның өмірінен жазылған «Мен ішпеген у бар ма?» спектаклінен үзінді қойылды. Абай Құнанбайұлының қара сөздері мен өлеңдері оқылып, шығармашылығы насихатталды. “Көзімнің қарасы”, “Желсіз түнде жарық ай”, “Айттым сәлем, Қаламқас” әндері шырқалды. Дана ақынның сөзіне жазылған туындыларды ауданның көркемөнерпаздары орындады.

БӨЛІСУ