Қызылорда қаласындағы «Көрме» орталығында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті шикізаттан өндірілетін өнімдердің көрмесі өткізілуде. Көрме Қызылорда қаласы, Қорқыт ата көшесі, √123 «Бизнеске арналған үкімет» ғимаратында Қызылорда қаласы мен барлық аудандарынан кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынуда. Аталған шараға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы орталық аппаратының өкілдері және Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) сарапшысы Акихиса Харагучи қатысуда. Биыл өңірде өтіп жатқан жобаның көрмесіне Сырдария ауданынан қатысуға 8 кәсіпкер өтінім беріп, өнімдерін алып келді. Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру. Қолда бар жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елді-мекендерде жұмыс орнын ашып, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру болып табылады.

Өңірдің барлық ауданынан келген 49 кәсіпкер сүт-ет өнімдерін, құрылыс материалдарын, ұлттық нақыштағы тауарларды, қол өнер бұйымдарын, тұрмыстық тауар, ағаш, киіз бұйымдары мен тәттілерін көпшілікке ұсынды.

Салтанатты шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешов көрме жұмыстарымен танысып, қатысушыларды марапаттады.

«Біз үшін жұмыс жасайтын әрбір кәсіпкер маңызды және оларға жұмысты жүргізу үшін ең жақсы жағдайларды жасауға тырысамыз. Былтыр облыста өткен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесіне 22 кәсіпкер қатысқан болса, биыл олардың саны 2 есеге артқанын көріп отырмыз. Бүгін 49 кәсіпкердің өнімімен таныстық. Шараға белсенді қатысқан кәсіпкерлерімізге алғыс білдіремін. Сіздерді алдағы уақытта да мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланып, жаңа идеяларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамыз» деді А.Зебешев өз сөзінде.

Сонымен қатар, Сыр өңіріне арнайы келген Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің (JICA) сарапшысы Акихиса Харагучи кәсіпкерлерден жергілікті өнімдердің өндіріс процесстері жайлы ақпарат алып, олармен пікір алмасты.

«Қолда бар алтынның қадірі жоқ. Сіздер жергілікті өнімдерді бағалай бермейсіздер, бірақ біз сырт көзбен көріп, Сыр елінің өндіріс аймағына айналуға әбден мүмкіндігі бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. Біз Атамекен палатасымен бірлесіп, сіздермен тауар сапасын арттыру жолында жұмыс жасауға дайынбыз» деді А. Харагучи.

Әрі қарай көрмеге қатысушыларды Палата жанынан құрылған жұмысшы топ бағалап, үздік деп танылған 10 тауарөндірушінің өнімдерін бренд-комитеттің қарауына ұсынады. Нәтижесінде бренд-комитет «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша облыстың 3 жеңімпазын анықтап, олар республика деңгейінде облыс абыройын қорғайтын болады.

БӨЛІСУ