Бүгін аудандық партия филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, Тереңөзек кенті қауымдастық мүшелері бірлесіп, кент орталығында жасалып жатқан бірқатар жұмыстарға партиялық бақылау жұмыстарын жүргізді. Алдымен Бөдеев көшесіне салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолы құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын “Ақтоған” ЖШС жүргізуде, қараша айында жұмыстарды бітіру жоспарланған. Мердігер мекеменің өкіліне құрылыс жұмыстарын сапалы түрде жүргізу айтылды.

Келесі кезекте, комиссия мүшелері Тереңөзек кентіне кіреберістен салынып жатқан “Жастар” аллеясының құрылысына партиялық бақылау жасады. Құрылыс жұмыстарын “Техоснастка-Ремсервис” ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстарын қыркүйек айында аяқтау жоспарланған. Бұл жерде де комиссия мүшелері бірқатар ұсыныстарын айтып, жұмысты сапалы және уақытылы аяқтау қажеттігін ескертті.
Мұнан соң, “Тағзым” алаңына жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына барды. Мұнда қазіргі таңда брусчатка жаяу жұмыстары толық аяқталған. Ендігі кезекте жарықтандыру, отырғыштар орналастыру күтілуде.

Бақылау комиссиясының мүшелері мен Тереңөзек кенті қауымдастық мүшелері бірлесіп оңалту бөлімшесі ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына партиялық бақылау жұмыстарын жүргізді. Шараға аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Е.Жақып, Тереңөзек кентінің әкімі Е.Бақтияров және аудандық емхана бас дәрігерінің орынбасары Ж.Жұмабаева қатысты. Күрделі жөндеу жұмыстарын “Пульс” ЖШС жүргізуде. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда ғимараттың сыртына панель жабыстырылуда.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мердігер мекеме өкіліне жұмыстарды уақытылы және сапалы жүргізуді атап өтті.

БӨЛІСУ