Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен мәжілістің күн тәртібінде ауданымызда «Таза Қазақстан» республикалық акциясының іске асырылу барысы талқыланды.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде аудан орталығы мен барлық елді мекендерде тазалық, көркейту, абаттандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Ал аудан орталығының тазалығы бойынша Әйтеке би кенті 7 аймаққа бөлініп, әрбір аймаққа жауаптылар бектіліп, мұнда да тазалық жұмыстары ұдайы жасалуда. Аталмыш жұмыстар жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Мәжіліс барысында аудан әкімі ауылдық округтер мен аудан орталығының тазалығына қатысты бірқатар орын алған кемшіліктерді слайд арқылы көрсетіп, кемшіліктерді шұғыл қалпына келтіруді тапсырды. Сондай-ақ еліміз бойынша жүргізіліп жатқан республикалық экологиялық акция мемлекет басшысының тапсырмасы болғандықтан бұл мәселеге салғырттықпен қарағандарға тиісті шара көрілетіндігін ескертті.

– Тазалық шараларын бір реттік науқанға емес, өмір салтына айналдыру, яғни жұмыстарды сапалы әрі тыңғылықты орындау өте маңызды. Сондықтан әрбір кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен тазалық жүргізілетін аумақтардың жауапты басшылары өздеріне бекітілген жерде тазалық жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыруы тиіс, – деді аудан басшысы.

БӨЛІСУ