Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында Сауда, қызмет көрсету және туризм Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиын барысында құқық қорғау органдары террористік тұрғыдан осал объектілерге жататын сауда және қоғамдық тамақтану нысандарына қойылатын талаптар туралы айтып өтті.

Кеңеске Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық, Сауда, қызмет көрсету және туризм Кеңесінің төрағасы Ақмарал Әбдіразақова, құқық қорғау және мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Прокуратура өкілдері өз ретінде қылмыстылықтың алдын-алу жолында барлық кәсіпкерлік нысандарға міндетті түрде камера орнатуды ұсынса, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті өкілі террористік амалдардың алдын-алу мақсатында департамент қызметкерлері әрқашан бірлесіп жұмыс жасауға даяр екендігін айтты.

Қызылорда облысының Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ілияс Тұрмаханов қоғамдық тамақтандыру орындарында құқық бұзушылықтар мен қылмыстық оқиғалардың алдын алу шараларын, оның ішінде бейне-бақылау және күзет жүйесін ұйымдастыруды талап ету заңдылығын түсіндірді.

«Кәсіпкерлік нысандардың ең көп жіберетін қателігі орнатылған камералары объектіні толық қамтымауы және ішіндегі ақпараты кемі 30 тәулік сақталмауы. Сонымен бірге, барша кәсіпкерлік нысан иелері «Дабыл батырмасының» болуын және оның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс» деді Ілияс Тұрмаханов.

Сонымен қатар, жиын барысында облыстық Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының өкілі Халықтың көші-қоны туралы заңнамасы бойынша /”е-Qonaq” ақпараттық жүйесін қолдану талабын түсіндірсе, Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Бабаев Өрт қауіпсіздігінің алдын-алу және болдырмау, тексеру шаралары туралы толыққанды ақпаратымен бөлісті.

Қоғамдық тамақтану саласының өкілдері құқық қорғау орган өкілдеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алды. Құзырлы орган өкілдері өз ретінде мораторий аяқталғанымен, олардың мақсаты айыппұл салу емес, нәтижеге жұмыс жасау екендігін, дегенмен кей нысандарда ескертпелерге қарамастан заң бұзушылық фактілер әлі де орын алатындығын жеткізді.

БӨЛІСУ