Облыс бойынша соңғы 6 айда 21874 азамат жұмысқа орналастырылып, жылдық меже 47,1 %-ға орындалған. Жоспарлы көрсеткіштің орындалуымен өңіріміз республика бойынша алғашқы үштікті түйіндеп тұр. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қайтарымсыз гранттар өткен жылдан бастап тек әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға берілуде. Грант иеленген азаматтардың бизнес-жобаларының 36%-ы мал шаруашылығымен айналысуды көздесе, 64 %-ы технологиялық жабдықтар мен еңбек құралдарын сатып алуға бағытталған. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанар Дәулетбаева мәлімдеді.
– Жыл басынан бері облыс бойынша 48 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді, онда 684жұмыс берушілерден 3 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 2 мыңнан астам жұмыссыздардың ішінен 1397 адам жұмысқа орналасты және 30 адам оқуға жолданды. Соның ішінде ірі жәрмеңке ағымдағы жылғы 16 мамырда «Болашақ» университетінде «Жетістіктер алаңы» атты шарасы аясында ұйымдастырылды. Шараға Абай, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген делегациялар қатысып, «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуын ұйымдастыру» жобасы бойынша аймақ халқына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, 3 мыңға жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Солтүстік өңірлердің өкілдері барлық аудандар мен Қызылорда қаласында ерікті қоныс аудару бағдарламасы жөнінде ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеттерімен бірлесіп, түлектерге арналған «Mansap Navigator 1.0» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Аталған жәрмеңкеге Қызылорда қаласы аумағындағы 28 ірі, орта жұмыс берушілерден 93 бос жұмыс орны ұсынылды,оның ішінде барлығы 170 жұмыс іздеуші қатысып, тұрақты жұмыспен 7 адам қамтылды. Олар білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, өндіріс, өнеркәсіп саласы, қоғамдық тамақтану, әкімшілік басқарушы персонал және мұнай-газ, шекара қызметінің мамандықтары бойынша жұмысқа орналасты,- деді Жанар Жұмабекқызы.
Өткен жылы мемлекет басшысынының тапсырмасы аясында жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдауға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы аясында 492 жас кәсіпкер өз кәсіптерін ашқан. Биыл да мемлекет тарапынан 400 адамның жаңа бастамасына қолдау көрсетілмек. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының міндетін атқарушы Жанар Дәулетбаева мәлімдеді.
– Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар саласында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жыл басынан бері 11 883 адам мемлекетпен субсидияланатын жұмыс орындарына, 4 741 адам еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарына, 1 538 адам ұлттық жобалар арқылы іске асырылып жатқан жаңа жұмыс орындарына тартылды. Ал, 7 22 адам жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға берілетін мемлекеттік грантты иеленді. Жалпы, жоспарлы көрсеткіштің орындалуымен өңіріміз республика бойынша алғашқы үштіктің қатарында. Одан бөлек, облыс әкімінің ұсынысына сәйкес биыл «100 игі іс» науқаны аясында Қызылорда және Байқоңыр қалаларына мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға әрқайсысының құны 23,0 млн теңге тұратын арнайы 2 – инватакси көлігі сыйға тартылды. Бұл белгілі бір банктің демеушілігімен берілді. Сондай-ақ, биыл алғаш рет облыс бойынша барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларға әрқайсысына 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек беруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл көмек Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мереке – 25 қазан Республика күніне орай төленетін болады,- деді Жанар Жұмабекқызы.