Бүгін 6 шілде – Астана күніне орай “Қоғамдық келісім” КММ ұйымдастыруымен “Еңселі – елорда, асқақтаған – Астана” тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге этномәдени бірлестік өкілдері, “Ассамблея жастар” ұйымының мүшелері мен “Қоғамдық келісім” мекемесінің қызметкерлері қатысты.

Іс-шара модераторы, мекеме директоры Бақытжан Камалов бас қаланың туған күнімен барша жиылған қауымды құттықтап, Астана – бірлік пен берекенің, Отанымыздың телегей табыстарының символы, Қазақстан халқы қол жеткізе алатын шексіз мүмкіндіктердің үлгісі деп атап өтті.

“Қоғамдық келісім” КММ директорының орынбасары, ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі, Phd Дәулет Омаров елорданың қалыптасу тарихына тоқталды. “Астана – еліміздің бас қаласы. Тәуелсіз Қазақстан – байтақ еліміздің астанасы. Астана – Еуразияның нағыз географиялық кіндігінде орналасқан. Қаланың астана ретінде тұсауы кесілген күн – 1998 жылы 10 маусым. Қаланың негізі 1932 жылы қаланған. Ол Ақмола деп аталған. 1968 жылы Целиноград болып өзгертілді. 1992 жылы қалаға тарихи атауы қайтарылды.
Астана – Қазақстанның жаңа қаласы. Оның шекарасы 710 шаршы шақырым. Тоғыз жолдың торабында, Республика территориясының төрінен орын тепкен.
Астана күн сайын, сағат сайын өркендеп өсіп келеді. Шетелдік қонақтар оны дүниенің сегізінші кереметіне теңеп «інжу маржан» деп бағалауда”,- деді.

Ал, ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі, педагогика ғылымдарының магистрі Бақытжан Ахметбек жиырма алты жасқа қадам басқан қала тәуелсіздікпен бірге дамуға бағыт алып, батыл қадамдарымен мақсатқа ұмтылудан жалыққан емес. Астана қазіргі таңда байтақ Қазақстанымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының қуатты локомотиві рөлін атқаруда деген пікірін ортаға салды.

“Ассамблея жастары” ұйымының төрағасы Елена Пак Сарыарқаның киелі аспаны астында қоныс тепкен Астананың еліміздің өсіп-өркендеуінде алатын орнына тоқталды.
“Астана – халқымыздың айбыны, Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі. Батыл идеямен дүниеге келген елордамыз бүгінде қазақ елін әлемге танытып, мәртебесін биіктетіп отыр”, -деді.

«Қазақстандағы орыс қауымдастығы» ҚБ Қызылорда облыстық филалының төрағасы Наталья Мишукова қазақ елінің кіндік ордасы – Астананы көркейтуге еңбек сіңірген тұлғаларды атап өтті.

Кездесу соңында өңірлік орыс қауымдастығы жастар ұйымының мүшесі Ангелина Белоусова шілденің алғашқы жексенбісі – Домбыра күніне орай күмбірлетіп күй тартты. Көпшіліктің қошеметіне бөленіп, алғысын алды.

БӨЛІСУ