Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің кезекті кездесуі «Қуат Амлон Мұнай» мұнай-газ өнеркәсібінің бірлескен кәсіпорнының қызметкерлерімен өтті. Оған облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары, Phd докторы, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Дәулет Омаров, мекеменің бөлім басшысы Ерсұлтан Есов, Неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Ирина Шек және кәсіпорынның қызметкерлері қатысты.
Топ мүшесі Дәулет Омаров мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» деген басты қағидатын негізге ала отырып, дамудың даңғыл жолына түсудегі тұрақтылықтың маңыздылығына тоқталып өтті. Сондай-ақ, ел ішінде арандатушылық, яғни сепаратизмге бірлесе қарсы тұрып, ниет пен көзқарас бір арнада тоғысса деген ой-пікірін ортаға салды. Себебі соғысты, ашаршылық пен жұтты басынан өткізген халқымыз ел ішіндегі бірліктің қадірін жақсы біледі. Бақытты халық, бақытты ұрпақ үшін, болашақтың баянды болуы жолында тәлім-тәрбиелік, ұлағаты мен тағылымы мол дүниелерді жандандыра бергені ләзім деген пікірімен бөлісті. Сондай-ақ, слайд, видео арқылы өңірдегі ассамблея институтын кешенді дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстармен бөлісті.
Ұлттық Құрылтайда көтерілген адал еңбек, адал табыс, еңбексүйгіштік, отансүйгіштікке баулу, еліміздің басты байлығы – достығымыз бен ынтымақтастығымызға қарсы бағытталған арандатушылық әрекеттерге жол бермеу жөнінде атт мүшесі Ерсұлтан Есов түсінік берді.
Ал , Неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Ирина Шек Сыр өңірінде этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында қолға алынған ауқымды істер, этномәдени бірлестіктердің жұмыстары, өңірімізде мекен еткен барлық этнос өкілдері достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауы жолындағы еңбектері жайлы айтып өтті.
Кездесу соңында атт мүшелеріне мұнай-газ өнеркәсібінің бірлескен кәсіпорнының қызметкерлері сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар ала алды.
2024-07-05