Астанаға кешелі бері Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысу үшін шет мемлекет басшылары бірінен кейін бірі келіп жатыр. Көштің басын Қытай Халық Республикасының басшысы Си Цзиньпин бастаған болатын. Кеше Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Моңғолия президенті Ухнаагийна Хурэлсуха, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған келді деген ақпарат тарады. Бұған қоса, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының бас хатшысы Чжан Мин да Астанада екен.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына қазір 9 ел мүше. Оның құрамында Қазақстан, Қытай, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан кіреді. Тағы 14 елмен берік серіктестік орнаған. Астана саммитінде Беларусьты Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше ету мәселесі қаралып жатыр. Демек, бірлестік аясы алдағы уақытта да кеңейеді.
Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы 2023 жылғы шілдеде басталды және осы саммитте аяқталады. ШЫҰ-ға төрағалық ету лауазымын қабылдау кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ұйымдағы басымдықтарын ұсынған болатын. Онда «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтеріп, бұл құжатта сенім шараларын нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау қағидаттары аталған еді.
Ал басты міндет – Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси қайшылыққа жол бермеу. Өйткені Ресей мен Украина арасындағы жағдайдан кейін көрші ел Батыс санкциясының астында қалды. Путин мен Сидің бүгінге дейін 40 мәрте кездесуі, жалпы Ресейдің мұнайы мен газын Қытайдың үлкен нарығына шығару әрекеті Батыспен байланысты шиеленістірді. Бұның салдары әлемдік сауда тізбегін бұзды. Осындай қиын әрі тұрақсыз саяси жағдайда Қазақстанның бітімгерлік танытып, саммитте әлемге үндеу тастауы үлкен маңызға ие.
Жақында ШЫҰ Бас хатшысы Чжан Мин Қазақстанның ұйымға төрағалық етуін жоғары бағалады. 2023 жылдың шілдесінен бастап ШЫҰ төрағалығы Қазақстанға көшкен кезден бері 100-ден астам түрлі іс-шара мен кездесу, соның ішінде энергетикалық, цифрлық және туристік форумдар өткізілді. Ынтымақтастықтың түрлі саласында 30-дан астам құжат әзірленді.
«Ыстық экономика, суық саясат» қағидатын басшылыққа ала отырып, Қазақстан ШЫҰ инвестициялық қорын және экономикалық преференциялар базасын құру жөнінде ірі бастамалар көтерді.
Бүгінгі Астанадағы кездесуде ұйымға мүше мемлекеттердің бірлескен Астана декларациясы қабылданады деп жоспарланып отыр. Жалпы, әлемнің кейбір нүктелерінде жанжалдар туындап жатқанда Астана саммиті тұрақтылыққа жасалған маңызды қадам болмақ.

БӨЛІСУ