Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихи саммиті өтті. Саммит қарсаңында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин елордамызға үш күндік мемлекеттік сапармен келді.

Бұл саммитке ШЫҰ-ға мүше басқа мемлекеттердің басшыларымен бірге Қытай Халық Республикасы Төрағасының қатысуы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастаған Қазақстанның халықаралық беделінің айғағы екенін көрсетті. Бұған бүгін мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда жүргізген достық келіссөздері дәлел.
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас Тәуелсіздігіміздің бүкіл тарихында достық, тату көршілік және стратегиялық әріптестік рухында дамып келеді. Соңғы жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің тұрақты жеке кездесулерінің арқасында екіжақты ынтымақтастық ерекше серпін алды.
Жетінші кездесуінде екі ел басшылары ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге өзара ниетті екендерін жеткізді. Қазақстан Президенті Қытай басшысының сапарын Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жылнамасындағы айтулы оқиға деп атады. Бұл, ең алдымен, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі. Мемлекет басшысы Қытай Қазақстанның жетекші сауда серіктесі екенін атап өтті. Өткен жылы екіжақты тауар айналымының көлемі 41 миллиард долларды құраса, екі ел басшылары бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды көздеп отыр.
Әрине, бұл біздің бизнеске, ғылымға және басқа да салаларға мол мүмкіндікке жол ашады. Жоғары деңгейде қойылған барлық міндетті жүзеге асырудың негізі – мықты құқықтық база. Парламент өз тарапынан бауырлас халықтарымыз арасындағы ынтымақтастықты дамыту үшін қолайлы құқықтық жағдай жасауға жан-жақты үлес қосуға дайын.
Өткен сессияда Парламент Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысты бірқатар келісімді ратификациялады. Бұл заңдарға жақында Мемлекет басшысы қол қойды. Аталған келісімдер екі ел экономикасының мүддесі үшін Қазақстан аумағы арқылы жүктерді контейнермен, автокөлікпен және аралас тасымалдаудың жаңа көкжиектерін ашады.
Астанада өткен келіссөздердің нәтижелері елдеріміз арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсеріне сенімдіміз.

Сақтапберген Жұбатқанов,
Қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы

БӨЛІСУ