Бүгіннен бастап елімізде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты және Мәжілісі депутаттарының өңірлерге жұмыс сапарлары басталды.
Осыған орай бүгін ауданға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Серік Егізбаев, Ерболат
Саурықов және Жигули Дайрабаев жұмыс сапарымен келді.
Халық қалаулылары ауданға жасаған жұмыс сапарларын «РЗА» акционерлік қоғамының жұмысымен танысумен бастады. Мұндағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы «РЗА» акционерлік қоғамының президенті Самұрат Имандосов таныстырды. Сонымен қатар мәжіліс депутаттары «РЗА-СҮТ» зауытына да барып, мұнда шығарылатын барша Сыр өңірінің халқына танымал «Дәмді» сауда маркасының өнімдерін де көрді.
Айта кетейік, халық қалаулылары жұмыс сапары аясында аудандағы бірқатар әлеуметтік, кәсіпкерлік және құрылыс нысандарын аралап, ондағы орын алған мәселелерді шешу жолдарын талқыламақ.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының өңірлерге сапары аясында Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Қазалы ауданына жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапары барысында аудандағы жаңадан салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.
Ең алдымен халық қалаулысы аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетпен бірге Әйтеке би кентіндегі «Жеңіс» саябағы ішінде басталған спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын көрді.
Сонымен қатар Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін салынып жатқан 154 пәтерлі 77 үйдің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Мәжіліс депутатына тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары туралы аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев айтып берді.
Мұнан соң Бекарыстан би мен Қожабақы ауылдарына барып, ондағы салынып жатқан спорт кешендерінің де құрылыс жұмыстарының барысын көріп, ондағы мәселелерді талқылады.
Бүгінгі таңда Бекарыстан би ауылында бой көтеріп жатқан спорт кешені құрылысының жер қазу, іргетасын қалау жұмыстары аяқталуға жақын. Ал Қожабақы ауылындағы кешеннің іргетасын қалау үшін жерін әзірлеу және басқа да жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Мәжіліс депутаты аталмыш нысандардың құрылыс жұмыстарын көргеннен кейін алдағы уақытта бұл жұмыстар өзінінің тікелей назарында болатындығын айтып, мердігерлерге құрылыстың ең әуелі сапасына аса мән беру керектігін айтты.