Аймақ жастарының әлеуетін көтеру, кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында «BASTA» бизнес -лагері өтті.

Бұл бизнес-лагерь жастарды әлеуметтендіруге бағытталған жарқын бастамалардың бірі. Жастар жұмыссыздығының деңгейін төмендету, NEET санатындағы жастардың үлесін азайту бағытындағы мақсатты жұмыстардың жалғасы.
Бизнес-лагерь жұмысы арқылы пробация есебіндегі және жұмыссыз жастарға, ерекше жандар мен үй шаруасындағы жастардың әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсетілді.
Түрлі санаттағы 70 жас қатысқан бизнес-лагерь аясында білікті тренерлер, кәсіпкерлер, жұмыспен қамту саласының мамандары жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша кеңінен ақпарат беріп, бизнес жоба жасаудың жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Кезекті рет Сыр жастарының басын қосқан маңызды шараның қорытындылау рәсіміне Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов қатысты. Шара қатысушыларына шынайы лебізін білдіріп, аймақ басшысы Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен жастарды қолдау бағытында атқарылып жатқан шаралар мен өңірлік жобаларға ерекше тоқталды.
Сондай-ақ, ұйымдастырылған алаңды тиімді пайдалануға және жарқын бастамаларды мемлекеттік қолдау құралдарының мүмкіндігімен жүзеге асыруға шақыра отырып, жобалар байқауының үздіктері мен спорттық сайыстардың жеңімпаздарын марапаттады.
Айта кету керек, жастардың сұранысы бойынша өткізілген бизнес-лагерь алдағы жылы да ұйымдастырылатын болады.

БӨЛІСУ