Алматыға жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жетекші ғылыми институттардың жұмысымен танысты.

Вице-премьер Микробиология және вирусология институтының ғылыми-өндірістік орталығына барды. Бүгінде оның құрамында 9 ғылыми зертхана бар. Мұнда жалпы 170 адам жұмыс істейді. Ғалымдар отандық өндірістің дамуы жолында бірқатар жобаларды сәтті жүзеге асырып отыр.

Соңғы үлгідегі жоғары технологиялы құрылғылармен жабдықталған институт маңындағы зауыт жылына 70 тонна биопрепарат шығаруға қауқарлы. Оның ішінде ауыл шаруашылығы өндірісіне қажетті препараттардың орны бөлек. Тамара Дүйсеноваға топырақты биологиялық азот және фосформен байытуға мүмікндік беретін өнімдер көрсетілді. Еліміздің бірақатар өңірінде қолданылып келе жатқан бұл биопрепараттар асбұршақ, жоңышқа, майбұршақ секілді өсімдіктердің өнімділігін арттыруға сеп.

Жалпы, отандық әзірлемелерге деген сұраныс күн санап артып келеді. Оған соңғы 3 жылдағы сатылым көрсеткіштері дәлел. Мәселен, бұршақ дақылдарының өнімділігін арттыруға көмектесетін «Плантобактерин» биотыңайтқышы 2022 жылы 4,5 мың литр көлемінде сатылса, былтыр бұл көрсеткіш екі есе артқан. Өнімді отандық нарықтан бөлек экспортқа шығару мүмкіндігі де бар. Алайда, қолданыстағы зауыт барлық сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Сол себепті оны кеңейту қажет.

Сонымен қатар мұнда медициналық өнімдерді шығарудың өндірістік процедуралары бастау алды. Осыған байланысты өз инвестициялары есебінен халықаралық стандарттар бойынша екінші зауыт салынып жатыр. Бұл ретте мемлекет жабдықпен жарақтандыру тұрғысынан көмек көрсетуде. Ұжым Президентке ғылымға көңіл бөлгені үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ институт іргелі ғылыми зерттеулерге көп көңіл бөлуде. Кейбір нәтижелері вице-премьер назарына ұсынылды. Мәселен, мұнда мұнайдан ластанған жерді оңалтуға сеп болатын бактериялар өндірісі, вирус жасушасының құрылымын көрсетуге мүмкіндік беретін электромикроскоп сынды соңғы үлгідегі әзірлемелер қолданылуда.

Институт жұмысына оң баға берген Тамара Дүйсенова институт алдында тұрған бірқатар мақсаттарға мән берді.

«Ғалымдардың қолынан шыққан өнімдердің сұранысқа ие болуы қуантады. Бұл – жұмыстың тек басы ғана. Алға қойылатын негізгі мақсат – отандық өнімдердің үлесін арттыру. Өндіріс көлемінің кеңеюі оны орындауға жол ашады деген сенімдемін», — деді Тамара Дүйсенова.

Бұған қоса вице-премьер Ядролық физика институты жұмысымен де танысты. Мекеме атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалана отырып, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық үрдісті толық қамтамасыз ететін елдегі жалғыз ұйым болып саналады.

Институт ғалымдары термоядролық энергетика бағытындағы жобаларды қолға алып отыр. Бұл ретте шетелдің белді ғылыми орталықтары, халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Арадағы келісімдердің арқасында қазақстандық жас ғалымдардың шетелден тәжірибе жинақтауына, құнды жобаларды елде жүзеге асыруына мүмкіндік бар.

Институт медицина саласының кәдесіне жарайтын өнімдерді де дайындауда. Мәселен, мұнда шығатын 3 түрлі радиофармпрепарат еліміздегі ауруханаларда қатерлі ісік дертін ерте кезеңнен анықтауға мүмкіндік берді. Оны экспортқа шығару бойынша шаралар қолға алынып отыр. Қалқанша безі обырын емдеуге арналған дәрісі де осында шығарылады.

Бұдан әрі Тамара Дүйсенова «Aqua dress» атты гидрогельден жасалған таңу заттары өндірісімен де танысты. Қоймалжың лента іспеттес зат тері жараларын, күйігін таңуда таптырмас құрал. Аталған бастама «Ғылым қорының» грантына ие болып, өндірістік жолға түскен.

Ядролық-физика институты аясында археологиялық жәдігерлерді радиологиялық әдіспен қашықтан зерттеуге, медициналық қолданыстағы заттарды залалсыздандыруға арналған құрылғыларымен де мақтана алады.

Жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай болғанымен, мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді қажет ететін түйткілді мәселелер де бар. Бұл ретте Тамара Дүйсенова институт жұмысын жоғары бағалап, бастамаларын қолдауға әзір екенін жеткізді.

«Энергетика, Ғылым және жоғары білім министрліктері бастаған ведомтвоаралық комиссия құрылуы шарт. Институт ашқан ғылыми жаңалықтарды қолданысқа енгізуде әрқайсысы өз үлесін қосуы тиіс. Ал ғылыми мекеменің бірнеше жылға арналған құжат-жоспары болғаны жөн. Оны Үкімет деңгейінде бірлесе қарастыруға дайынбыз», — деді Тамара Дүйсенова.

Агросаланы инновациялық жолмен жедел дамыту үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты аграрлық ЖОО, ғылыми-зерттеу институттары мен тәжірибе шаруашылықтарының көпжылдық ізденістері нәтижесінде жаңа технологиялар, су ресурстарын үнемдеу, орман алқаптарын дамыту, ауылшаруашылық дақылдары, бәсекеге қабілетті бау-бақша сорттары мен түрлері, өсімдіктер, мал түлігін аурулардан, зиянкестерден қорғау, балық өнімдерін өңдеу, мал және балық жемдерін жасаудың тиімді технологиялары, шикізаттарын қайта өңдеу амалдары көптеп әзірленген.
Ауыл шаруашылығы ғылым академиясына 174 белгілі академик-ғалым мүше болғандықтан, академияның бүгінгі миссиясы – ғылыми бағыттағы әлеуетті біріктіріп, оны сүйемелдеу, қолдау арқылы озық отандық инновацияларды өндіріске енгізу, АӨК тиімділігін арттыру, кәсіпкерлердің біліктілігі мен технологиялық мүмкіндіктерін дамыту.

Осы мақсатқа қол жеткізу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының «Қызылорда» орталығы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты негізінде ашылғалы отыр. Мұның өз себебі бар. Мысалы, Қызылорда облысы көпсалалы ауыл шаруашылығымен айналысатын өңір болғандықтан, ең күрделі мәселелер де осы өңірде деуге болады. Нақтырақ айтсақ, су тапшылығы, топырақтың тұздануы, құнарсыздануы, өнім сапасының төмендеуі, мал басының саулығы және тағы басқа қордаланған мәселелер байқалады. Ғылыми зерттеулер мәліметіне сүйенсек, өндірілген өнімді (өсімдік түріне байланысты) 15 пайыздан 30 пайызға дейін жоғалтады. Осы орайда тасымалдау, сақтау және қайта өңдеу жұмыстары да – басты мәселе. Ерекше көңіл бөлетін жайт – өндірілген өнімді өңдеу кәсіпорындарының жұмысын жандандыру. Экспортқа шикізатты шығарудан гөрі, терең өңделеген өнім шығару экономикалық тұрғыдан тиімді екенін білесіздер, яғни, қосымша құны жоғарылайды. Тағы бір мәселе – өндірілген өнімдерді сақтау қоймаларының жетіспеушілігі.

Қызылорда облысы агросаласындағы проблемалардың ғылыми жолмен тиімді шешімін табу мақсатында академия ғалымдары бірнеше өзекті жобаларды нәтижелі атқарды және алдағы жылдары өз жалғасын табады деп сенеміз. Мысалы, Өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты ғалымдары «Қауын шыбындарынан қорғаудың қауіпсіз жүйесін сынау», «шегірткелерге қарсы отандық биопрепаратты енгізу», «Ақмая» пилоттық шаруашылығының базасында ауыл шаруашылығы өндірісін цифрландыру элементтерін енгізу» тақырыптарында нәтижелерге қол жеткізді.

БӨЛІСУ