Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов Аққыр, Жаңаталап, Т.Жүргенов, Мәдениет және Мырзабай ахун ауылдық округтерінде халыпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Жалағаш ауданында бірінші жарты жылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар таныстырылды.

Халықпен кездесулерде көтерілген мәселелерді толық шешу тетіктерін қарастыруға жұмыс жасайтынын айтқан аудан әкімі Ардақ Ибраимов, елді мекен тұрғындарына шешімі табылған мәселелерді де толық атап өтті.

Аудан әкімінің жұмыс сапары алдымен аққыр ауылынан басталды. Үстіміздегі жылы Аққырда сыр маржаны егіліп, егіннің тынысы қайта ашылды.

Сондай-ақ, 2024 жылы Аққыр ауылдық округіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына «Қазақстан халқына» қорынан қаржы бөлініп, ел игілігі үшін жаңа нысанның іргетасы қаланатын болады.

Жаңаталап және Мәдениет елді мекенінің негізгі мәселесіне айналған ескі су мұнарасын жаңарту жобасы демеушілік есебінен қолдау тапты. Сонымен қатар, Жаңаталап ауылында жаңа балалар ойын алаңын орнату жоспарлануда.

Аудан бойынша ауылдық округтердегі көлемді жобалардың бірі Т.Жүргенов ауылында жасалуда. Бүгінде Т.Жүргенов ауылының тұрғын үй секторының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов барлық елді мекенде тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар мен мәселелерді уәде етілген уақытта шешуге жұмыс жасайтынын жеткізді. Халықтың талап тілегі мен ұсыныстарын тыңдау Мәдениет ауылында жалғасын тапты. Тұрғындар тарапынан жұмыссыздық, қылмыстылықтың алдын алу туралы мәселелер қозгалып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

Мырзабай ахун елді мекенінде тұрғын үйлер секторының электр желілерінің құрылысы жаңартылып, Жаңақоныс көшесін жарықтандыру және ауылдың кіреберісіне камера орнату жұмыстары жүргізіледі.

Кездесулерде тұрғындарна ауыл әкімі, мектеп директоры, ауылға жауапты полиция және дәрігер жұмыс жасайтын аумақта тұру қажеттігі ескертілді. Толық жұмыс орнында болмаған жағдайда тиісті шаралар көріледі.

Халықпен кездесулерде аудан әкімімен бірге облыстық мәслихат депутаты Әмір Шаймағанбетов, аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, құқық қорғау органдарының басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары да қатысып, тұрғындар сауалына уақытылы шешім қабылдап, тиісті тапсырмаларды түртіп алды.

БӨЛІСУ