ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Абенов, Мұрат Ергешбаев және Мархабат Жайымбетов Қызылорда қаласына жұмыс сапары аясында Сол жағалаудағы нысандардың құрылыс барысымен танысты.
Халық қалаулылары алдымен қаланың Сол жағалауындағы жаңа стадионның құрылыс қарқынын саралады. Қала әкімі Серік Қожаниязов фракция мүшелеріне халықаралық стандарттарға сай ойын алаңының жобасын көрсетті. 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасы ағымдағы жылы қаланды. Жаңа стадион УЕФА талаптарына сәйкес салынатындықтан ойыншылар мен жанкүйерлерге қажетті жағдайдың барлығы жасалмақ.
Бас мердігер «ВД Строй Инжиниринг» ЖШС-і жаңа нысанды келер жылы аяқтайтынын жеткізді. Айта кетейік, аталған құрылыс нысанына бюджет қаражатынан 20,9 млрд. теңге бөлінген болатын.
Мұнан соң депутаттар Сол жағалаудағы жаңа мөлтек аудандар маңынан бой көтерген физика-математика мектеп-интернатының құрылысымен танысты.
Іргесі 2023 жылдың шілде айында қаланған 300 орындық жатақханасы бар, 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты дарынды балаларға ғылымды тереңдетіп оқытатын нысанның бірі болмақ. Жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасайтын заманауи құрал-жабдықтармен жарақталады. Сол жағалауға қоныс тепкен жаңа ғимарат жобасының құны 7 млрд. 900 млн. теңге. Ғимарат құрылысы 2024 жылы аяқталып, оқушылар мен ұстаздар игілігіне беріледі.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласының Сол жағалауындағы 900 орындық мектеп құрылысы да назардан тыс қалмады. Жаңа білім ошағы ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Әріқарай мәжілісмендердің сапары Сол жағалауда бой көтерген оқушылар сарайы, теннис орталығы мен музыкалық колледждің құрылыс алаңдарында жалғасты.
Бүгінде қаланың сол жағалауында «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2,3 млрд теңге болатын заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайының іргетасы қалануда. Жаңа нысан білім мен тәрбие ордасына айналып, онда жеткіншектердің бос уақытын тиімді өткізуіне оңтайлы мүмкіндік жасалады.
Сонымен қатар, қарқынды құрылыс алаңына айналған облыс орталығында «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірге құны 2,7 млрд теңге болатын үстел теннисі орталығының іргетасы қалануда. Бүгінде облыста бұқаралық спортпен шұғылданатындардың үлесі 39 пайызға, яғни, 328 597 адамға жетті. Халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін талапқа сай спорт нысандары қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қызылорда қаласында бірнеше спорт нысандарының құрылысы жүргізілуде. Теннис орталығы 2025 жылы пайдалануға беріледі жоспарланған.
Мәжілісмендер бұдан кейін жаңадан бой көтерген музыкалық колледж құрылысымен танысты. Өңірде музыка саласына бет бұрған азаматтардың тілектері ескеріліп, 2023 жылдың соңында «Саутс Ойл» компаниясымен Қызылорда облысының әкімдігі музыкалық колледжге арнап сол жағалаудан 650 орындық жаңа ғимарат салу туралы келісімге қол қойған болатын. Үш қабатты ғимарат 650 орынға арналған. Жобаның жалпы құны 4,8 млрд теңге, ал бас мердігер – «Интегрострой» ЖШС.