Қызылордада Достық үйінде жазғы уақытты тиімді пайдалану мақсатында “Ассамблея жастары” ұйымының белсенділері арасында “ЭТНО” квиз интеллектуалды сайысы өтті.

Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров квиз сайысының алғы сөзінде қатысушы командаларға сәттілік тілей отырып, жастар ұйымының жұмысын одан әрі жандандыру туралы ұсыныстарын білдірді.
Жастар арасында бірлікті нығайтып, білімді жетілдіруді көздеген сайысқа Ассамблея жастары ұйымының құрамындағы мүшелерден құралған 4 топ қатысты.
Қазылар алқасы құрамында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров, ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Талғат Телеубаев және “Қоғамдық келісім” мекемесінің бөлім басшысы Ерсұлтан Есов болды.
Кезеңдер басталмас бұрын қатысушылар өз топтарын таныстырып өтті. Сайыс 5 кезеңнен тұрды. Қатысушыларға «Кім тапқыр?» алғашқы кезеңінде сөз тіркестерінің мағынасын табу керек болды. Екінші «Білім бәйгесі» кезеңінде интеллектуалды сұрақтар қойылды. Ал «Танымал тұлғалар» кезеңінде қазақтың ақын, жазушылары мен зиялы қауым өкілдерін табу керек болды. Төртінші кезеңде жалпы сұрақтар жасырылды. Ал бесіншіде қатысушылар әуезді әуендерді жалғастырды.
Әділ қазылар алқасының шешімі негізінде сайыста оқ бойы озық шығып, жүлделі бірінші орынды «БІРЛІК» тобы, екінші орынды белсенді «ТАТУЛЫҚ» тобы, үшінші орынды «ДОСТЫҚ» тобы, төртінші орынды “ЫНТЫМАҚ” тобы жеңіп алды. Жеңімпаз топтарға бағалы сыйлықтар табысталды.

БӨЛІСУ