28 маусым – Журналистердің төл мерекесі қарсаңында Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен сарапшылар клубының ұйымдастыруымен алғашқы рет «Қуатты қаламгер» атты табиғаттағы тимбилдинг өтті.
Салтанатты іс-шарада Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ директоры Камалов Бақытжан Жарылқасынұлы және Облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен сарапшылар клубының төрағасы Рыбина Елена Владимировна алғы сөз сөйлеп, жыл басынан бері республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында, 6 ай көлемінде 2448 материал, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда 626 жариялым, БАҚ және Интернет ресурстарында 246 бейнесюжет, 249 мақала жарық көрді. Бұл игі істерде, яғни өңірлік ассамблея жұмысын ақпараттандыруда клуб мүшелерінің тікелей үлестері зор екендігін атап өтті.
Сондай-ақ, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті насихаттауда белсенділік танытып, этножурналистика саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар арнайы номинациялар және Алғыспен марапатталды.
Атап айтар болсақ, «БІРЛІК ЖАРШЫСЫ» номинациясымен облыстық «Qyzylorda» телеарнасының бас редакторы Айсұлу Жұмабайқызы, «ТАТУЛЫҚ ЖАРШЫСЫ» номинациясымен қалалық «QogamTV» телеарнасының бас редакторы Баян Рахатқызы, «ҮЗДІК ЖУРНАЛИСТІК ЗЕРТТЕУ» номинациясымен республикалық «Закон.кз» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мира Ақтілекқызы, «ЕҢ ҮЗДІК РЕПОРТАЖ» номинациясымен «24 KZ» телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Нұрлан Жаңақұлұлы, «ҚУАТТЫ ҚАЛАМГЕР» номинациясымен республикалық «Казахстанская правда» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әлібек Әбсатұлы, «ДӘНЕКЕР» номинациясымен Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Журналистер клубының төрағасы Елена Владимировна, Алғыспен республикалық «Литер» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Наталья Юрьевна, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Мейрамкүл Дауылбайқызы, қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы Гүлмира Мағлұмқызы, Kyzylorda-News.kz ақпараттық порталының бөлім басшысы Фариза Сәбитқызы, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының бас режиссеры Ержан Жолдасбекұлы, «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Әділбек Жақанов, «ASTANATV» телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мөлдір Тоқтасынқызы, облыстық «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Инна Талгатовна, республикалық inbusiness.kz сайтының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Рыскелді Сәрсенұлы марапатталды.
Мерекелік шарада қатысушылар арнайы Журналистер клубының жұмысын бейнелейтін фотостенді мен видеослайд жанында естелік суреттерге түсіп, бейнеролик тамашалады. Мұнан соң қатысушылар бір түсті шарларды таңдап, үш топқа бөлінді. Топтар атауларын таңдап, оны таныстырды. Бірінші топ – «Dream team», екінші топ – «Mango», үшінші топ – «Құлпынай».
Алғашқы – «Ойлан, тап!» кезеңінде ұяшықта этножурналистика, медиасауаттылық туралы жасырылған сұрақтарға дұрыс жауап табу болды. Екінші «Таба аласың ба?» кезеңінде қатысушы топтар журналистикаға қатысты суретті маркерді ұстамай, оған байланған жіптерді қолдану арқылы салды. «Жұлдызды сәт» кезеңінде kahoot.it сайты арқылы Журналистика тарихы жайлы қойылған сұрақтарға жауап берді. «Үш сурет – бір ой» кезеңінде репортаж, диктор, радио, баспасөз, фэйк ақпарат, аңдатпа (анонс), интервью, сценарий, интернет сөздерін табу керек болды. Ал «Әуенді викторина» кезеңінде қатысушылар кері қойылған әндерді тауып, тапқан қатысушы ортаға шығып би биледі. «Бұл кім?» кезеңінде командалар лед экраннан журналистердің және тарихи тұлғаларды 5 секундтың ішінде айтып үлгеруі керек болды.
Сайыс нәтижесінде жүлделі бірінші орынды 220 балмен – «Құлпынай», екінші орынды 185 балмен – «Dream team», үшінші орынды 127 балмен – «Mango» командасы жеңіп алды.
Табиғаттағы тимбилдинг бұдан әрі мерекелік пикникпен жалғасын тапты.
2024-07-02