Халық арасында “Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын”,- деген сөз бар. Бұл болған жайтты бүкпесіз баяндап, күрмеуі көп мәселенің шешілу жолына үңілетін журналист қауымына берілген шын баға. Журналист қаламының ұшында мың сан тағдыр болуы мүмкін. Дауылда да, жауында да қаймықпай қызмет жасау қаламгерлерге ғана тән қасиет. Елдің қуанышын да, қайғысын да қаламының ұшында тербеген журналистердің жұмысы жеделдікті талап етеді. Мерейлі мерекеге орай бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында баспасөз конференциясы өтті.
– Ең алдымен баршаңызды 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесімен құттықтаймын! Өздеріңіз білетіндей, ақпарат ағымы тоқтаусыз ағып жатқан қазіргі қоғамда ашық әрі шынайы жаңалықтарды дер кезінде халыққа жеткізу аса маңызды. Бұл ретте телеарналар, басылым және интернет сайттардың сапалы жұмыс жасап, әлеуметтік желілерде ерекше контент қалыптастыруы медиа саласының серпінді дамуына ықпал ететіні анық. Бұл өз кезегінде осы салада аянбай еңбек етіп, бар қажыр-қайратын жұмсайтын журналистер қауымының ерекше еңбегі деп білеміз. Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде барлығы 149 бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеуде. Оның ішінде 120 баспа БАҚ, 26 интернет-сайт пен ақпараттық агенттіктер, 2 телеарна бар. Олардың 137-і облыстық, 2-еуі қалалық, 10-ы аудандық деңгейде ауқымды ақпараттар таратып, медиа саласының дамуына өз үлестерін қосуда. Аймақтың бұқаралық ақпарат құралдарының тек 1-еуі орыс тілінде ақпарат жарияласа, 5-і
мемлекеттік және орыс тілдерінде, 14-і мемлекеттік тілде ақпарат таратады. Соңғы уақытта озық тәжірбиелерді пайдалана отырып медиа саласын дамыту аясы белсенді жүргізілуде. Оның ішінде, жасанды интеллектті пайдалана отырып халыққа қызықты ақпараттар тарату қазіргі таңда ерекше қарқын алып келеді. Бұл әрине, облыстың медиа саласы үшін өте қуанышты жаңалықтардың бірі деп білеміз,- деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов.
– “Сыр медиа” ЖШС де БАҚ саласында елеулі қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда бізде 1 республикалық, 2 облыстық, 1 қалалық және 7 аудандық басылым жұмыс жасайды. Одан бөлек, 13 ақпараттық агенттік бар. Бүгінде 207 штаттық бірлікте қызмет жасайды. Журналистердің әлеуетін жақсарту үшін және оқырмандарға жақсы, сапалы мақалалар беру үшін бөлек жүлделер қойдық. Оның ішінде эксклюзивті, сараптамалық материал жазған тілшілер арасынан арнайы комиссия үздігін анықтайды. Сондай-ақ, үздік дизайнерді де сыйақысыз қалдырмаймыз. Ең басты қуанышымыз, бүгін 95 жылдық тарихы бар “Сыр бойы” газетінің бас редакторы Президенттің қолынан марарат алатын болады. Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтаймын! Журналистердің жазары көп болсын,- деді “Сыр медиа” ЖШС директоры Марат Аралбаев.
– Өздеріңіз білесіздер, “Qyzylorda” телеарнасы 1991 жылы ашылған. Тәулігіне 15 сағат эфирге шығамыз. Өткен жылдан бастап Байқоңыр қаласында тілшілер пунктін аштық. Қазіргі кезде біз Байқоңырдан да ақпарат таратамыз. Жыл басынан бері жаңа 8 бағдарлама көрерменге жол тартты. Жалпы, телеарнада 32 бағдарлама жарық көреді. Мемлекеттік қызметкерлердің айтар сөзін халыққа жеткізу мақсатында “Anyqtimes” хабарын аштық. Одан бөлек, руханиятқа арналған “Parallel” деген бағдарлама бар. Ауылдың тыныс-тіршілігін көрсететін “Құдайы қонақ” бағдарламасы да көрермендердің көңілінен шығып үлгерді. Алдағы жаңа маусымға да тағы да осындай қызықты әрі пайдалы бағдарламалар әзірлеудеміз,- деді Qyzylorda телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі