Бүгін «AMANAT» партиясы облыстық филиалының мобильді қабылдау тобы Жаңақорған ауданына қарасты Сунақата, Қожамберді елдімекендерінде болып, жергілікті тұрғындарды толғандырған мәселелерін тыңдады.

«Мобильді қабылдаудың негізгі мақсаты – шалғай орналасқан елдімекендердегі тұрғындардың өзекті мәселелеріне құлақ түріп, тиісті деңгейде шешілуіне атсалысу, бағыт-бағдар мен кеңес беру», – деді ауыл тұрғындарымен кездесу барысында партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.

Топ алдына келіп, өтініш білдірген тұрғындар жеке басының емес, бүтін бір ауылдың өзекті мәселелерін сөз етті. Мәселен, Сунақата ауылдық округінде өткен қабылдауда ауылдың инфрақұрылымына қатысты өтінштер айтты. Соның ішінде Сунақата ауылын газдандыру, жаңа балабақша ғимаратын салу, Еңбек елді мекеніндегі 9 жылдық №242 мектепті 11 жылдық мектепке ауыстыру мәселелері өзекті болып отыр. Сондай-ақ, бірқатар тұрғындар жеке денсаулық сақтау, жұмыспен қамту тақырыптарында өтініштерін айтты. Заңгерлік көмек сұраған азаматтар да болды.

Қожамберді ауылында жалғасқан қабылдауда ауыл азаматтарынан мемлекеттік-жекешелік-әріптестік жобасы аясында соғылып жатқан спорт кешені, электр желілері мен бағаналарын, трансформаторларды жаңалау, көгілдір отынмен қамтамасыз ету және жаңа ауылдық клуб үйін салу мәселелері бойынша өтініштер түсті.

Айтылған өтініштер бойынша мобильді топ өкілдері тарапынан заңнамалық тұрғыда түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, партиялық бақылауға алынды.

Партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова «AMANAT» партиясы 5 жылға жоспарланған өңірлік Сайлауалды бағдарламасында ауылдың инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстарды жоспарлап отырғандығын, соның ішінде азаматтар тарапынан көтерілген газдандыру, электр желілерін жаңғыру мәселелері де бар екенідігін атап өтіп, бұл жұмыстар жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асатындығын жетікізді.

Атап өтейік, қос ауылда өткен мобильді қабылдау барысында тұрғындардан 24 өтініш түсіп, олардың 3-і оң шешілді. Өзге де өтініштер бойынша заңнамалық кеңестер беріліп, жұмыс жасауға партиялық бақылауға алынды.

БӨЛІСУ