Бүгін облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов Арал ауданына арнайы барып, бірқатар білім беру ұйымдарын аралады.
Басқарма басшысы алдымен аудан орталығындағы ғасырдан астам тарихы бар №14 орта мектебінің бастауыш ғимаратына аялдап, мекеменің жай күйімен танысты. 1910 жылы салынған киелі қара шаңырақтың күрделі жөндеуде қажет ететіндігіне көз жеткізіп, мәселені назарға алды. Одан соң апатты жағдайда тұрған №220 орта мектебіне барып, түйіткілді мәселенің түйінін тарқату үшін жаңа ғимарат салу жұмыстарын жеделдету керектігін жеткізді. Бұл мәселені де назарға алып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылатындығын айтты. Сондай-ақ “Сартай” балабақшасының жер төлесіндегі топан суды көріп, дереу құбырларды ауыстыру керектігін және жаңа оқу жылына дейін ретке келтіру керектігін жеткізді.
Артынша №62, №13, №83 және №260 орта білім беру мекемелеріне бұрылып, мектептердің жай күйімен танысты. Сырлау, ақтау жұмыстарын барлап, мектептің жетістіктеріне куә болды.
Сондай-ақ аудан орталығындағы кешкі мектептің жабылуына байланысты қызметкерлер мен оқушылардың орналасуы туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Санира Жанназароваға заң тұрғысында бірқатар тапсырмалар берді.
Бұдан кейін Қамбаш елді мекеніндегі үш ауысымдық №21 орта мектебіне барып, бұл мәселені де назарға алды. Артынша Сапақ елді мекенінде орналасқан типтік жобадағы жаңа мектепті қажет ететін №69 орта мектебіне аялдады.
Сапар соңында басқарма басшысы аудан орталығынан жақында ашылған “Мейірім” жеке-балабақшасына барып, заманауи үлгіде жабдықталған ғимаратқа оң бағасын берді.
Өткен жылы 2 жеке балабақша ашылып пайдалануға берілді (Жіңішкеқұм елді мекенінен 25 орындық, Қамыстыбас елді мекенінен 130 орындық). 3-6 жас аралығындағы балалардың барлығы 100 пайыз мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылған. 2023 жылы 7 мектеп (№281 Райым, №77 Құланды,№73 Аманөткел, №230 Жіңішкеқұм, №13 Арал қаласы, №231 Сексеуіл, №19 Жақсықылыш) ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтті.
Биылғы жылы Ауданымыздың 300 орындық 4 «Жайлы меткептің» құрылыстары жүреді. Оның екеуі Арал қаласынан салынса, Сексеуіл мен Жақсықылыш кенттерінен заманауи білім ордасы бой көтереді. Мұнан бөлек Жалаңаш ауылынан да жаңа оқу орнының құрылысы басталса, Қамыстыбас ауылындағы мектепке қосымша жапсаржай салынатын болады.