«AMANAT»: «Дәрігер Talks» диалог алаңында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.

Кеше еліміздің барлық өңіріндегі 300-ден астам дәрігер, медбикелер, оқытушылар, ғалымдар, медициналық ұйымдардың басшылары, денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен сарапшылар «AMANAT» партиясының «Дәрігер Talks» диалог алаңында бас қосты. Олар медициналық қызмет көрсету жүйесінің қазіргі жай-күйін талқылап, отандық медицинадағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.

Алқалы жиынға Сыр өңірінен бір топ делегат қатысқан болатын. Олардың қатарында ұлты корей болғанымен дәрігерлік қызмет пен отбасы тәрбиесін қатар ұстап, ырысы мен берекесі тарқамаған қазақ шаңырағының келіні болып жүрген партияның белсенді мүшесі, облыстық онкологиялық диспансерінің химиотерапевт дәрігері Юн Виктория Викторовна да бар.

Виктория елімізде онкологияны емдеудің жаңа әдістері енгізіліп, заманауи құрал-жабдықтар сатып алынып, жаңа онкологиялық орталықтар салынып жатқанын тілге тиек етіп, Аспирантурада және алыс жақын шетелдердегі тағылымдамадан алған тәжірибесімен жоғары дозалы химиотерапия әдісін облысымызға енгізбек.

Жиын барысында қатысушыларға партиялық және ведомстволық наградалар табысталды.

Атап айтсақ, «Абзал» бастауыш партия ұйымының төрағасы, партияның облыстық филиалы жанындағы Экология жөніндегі аймақтық кеңес мүшесі Қалиева Фарида Ыдырысқызы партияның ең жоғары наградасы «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталса, партия белсендісі Юн Виктория Викторовнаға «AMANAT» партиясы мен Қазақстандық денсаулық сақтау менеджерлері ассоциациясының «Мейірімді жүрекпен» төс белгісі табысталды. Марапат төрінен көрінген партияластарды құттықтап, еңбектеріне табыс тілейміз!

БӨЛІСУ