Олжас Бектенов облыс орталықтары бойынша байланыс сапасы нашар аймақтарды анықтау үшін талдау жүргізіп, мобилді байланыс қызметтерінің сапасын арттырудың нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Премьер-Министр Олжас Бектенов мемлекеттік және банктік электрондық қызметтер көрсету саласындағы жұмыстың оң динамикасын атап өтті. Бұл бағытта Қазақстанның жаһандық цифрлық әлемнің белсенді қатысушысы ретінде қалыптасуы үшін шаралар қабылдануда. Ол үшін Каспий теңізінің түбімен және еліміздің Батысынан Шығысына дейін талшықты-оптикалық маршрутты жүргізу бойынша ірі жобалар іске асырылуда.

«Бұл ірі Big Tech-компанияларды тартуға әрі ұсынылатын контенттің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде тұтастай алғанда, елімізге мультипликативті әсер ететін болады. 

Бұл жұмыс бейінді министрліктің ерекше бақылауында болуға тиіс», — деді Олжас Бектенов.

Мәселені қарау нәтижесінде Үкімет басшысы бірқатар тапсырма берді:

Цифрлық даму министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп бастапқы кезеңде үш ай мерзім ішінде облыс орталықтарындағы байланыс сапасы нашар аймақты анықтау бойынша талдау жүргізіп, мобилді байланыс қызметтерінің сапасын арттырудың нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет. Бұдан әрі азаматтардан түскен өтініштерді ескере отырып, аталған жұмысты барлық елді мекендерде жүргізу қажет.

 Байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелерді орындау мәселесін жүйеге келтіру керек. Цифрлық даму министрлігі байланыс операторларымен бірлесіп жүктелген міндеттемелерге сүйене отырып, екі ай мерзімде жаңа 4G базалық станцияларын орнату, тіркелген интернеттің ескі жабдықтарын ауыстыру жоспарын бекітуі қажет.

 Су тасқыны жағдайы кезеңінде бірқатар өңірлерде электрмен жабдықтау және базалық станциялардың ажыратылу проблемаларына орай байланыс үзілген болатын. Цифрлық даму министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп бір ай мерзімде төтенше жағдайлар кезеңінде спутниктік байланыс жүйелерін пайдалану мүмкіндігі мәселесін қарастыруы керек.

БӨЛІСУ