Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің №5 оқу ғимаратында Басқарма мүшесі – стратегиялық даму және IT жөніндегі проректор Томанов Махмұт Мұратұлының қатысуымен IT және архитектура саласындағы байланыстар бойынша практикалық семинар өтті.

Семинарға арнайы шақыртылған Қазақстандық дизайнер, архитектор Амир Кабулов қатысушыларға еліміздегі архитектура өнерінің даму бағытын сөз етіп, отандық және әлемдік дизайн кеңістігіндегі тәжірибесімен бөлісті.

Амир Кабулов шетелдік компаниялармен бірлесіп, тарихи ғимараттарды қалпына келтірумен айналысады және оның еңбектері елімізде ғана емес, шетелде де үлкен сұранысқа ие. Бүгінде ол негізін салған, интерьер дизайнерлері мен сәулетшілерден құралған DiAmir дизайн компаниясы Лондон, Дубай, Польша, Түркия, Қазақстан, Ресейде жобаларын жүзеге асыруда.

Аталмыш саладағы тәжірибесімен бөлісу мақсатымен келгенін баян еткен Амир Кабулов әлемнің әр түрлі елдеріндегі және еліміздегі Алматы, Астана, Шымкент қалаларындағы мейрамхана, қонақүй, медклиника, банк, балалар ойын паркі т.б секілді сәулет және дизайндік жұмысын атқарған нысандық жобаларын көрсетіп, кәсіби кеңестерін ортаға салды.

Екі жақты сұхбат, пікірталас форматында өткен семинардың басты мақсаты университет оқытушыларына жаңашылдық, технология әлеміндегі архитектура жаңалықтарымен бөлісу болды. Семинарға қатысушылар кездесу соңында қызықтырған сауалдарын қойып, практикалық кездесу үшін алғыстарын айтты.

БӨЛІСУ