Бүгін облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Баймановтың төрағалығымен өңірдегі цифрландыру және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті.

Басқосуға Сыр еліне жұмыс сапарымен арнайы келген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин, цифрландыру саласындағы отандық компаниялардың мамандары, байланыс операторлары мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің тұрақты қолдауының нәтижесінде өңірде тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған цифрлық жобалар жүзеге асуда. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде аймақта цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірге жол картасы жасалған.

Сонымен бірге байланыс операторларымен де екіжақты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, тұрғындар қауіпсіздігі үшін 2025 жылдан бастап қала аумағында 1400 қоғамдық бақылау камерасы, жылдамдықты өлшейтін 60 құрылғы және 20 зияткерлік қиылысты камералар орнатылады.
Пилоттық режимде іске қосылған «Сергек» жобасы аясында да қала аумағына 100 қоғамдық бейнебақылау камерасы мен жылдамдықты өлшеуіш 10 құрал қойылды.
Мұнан бөлек, жедел басқару орталықтары жаңғыртылып, 7 аудан орталығына да бейнебақылау камералары орнату жоспарда бар.

Алдағы кезеңде полиция департаментінің Жедел басқару орталығындағы ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері мен көрсеткіштеріне де талдау жасалады.

Басқосу барысында Қаныш Төлеушин өңірдегі ІТ бағытта атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді және алдағы міндеттерді бірлесе атқаруға ниетті екенін жеткізді.
Айта кетейік, облыста «Ақылды қала» бағдарламасының негізгі компоненттерінің басым көпшілігі орындалған. Бұл мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылып, жол картасы әзірленіп, министрлікке ұсынылған.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ