“Қызылорда облысы бойынша әйелдер күштерінің Альянсы” қоғамдық бірлестігі және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясымен әріптестік меморандумның аясында жаңа жоба бастау алды.
Жобаның атауы – “Жас көшбасшылар мектебі”.
Жоба мақсаты – жастарды тұлға ретінде қалыптастыруға, олардың азаматтық белсенділігін арттыруға, қоғамда өз орнын табуға көмектесу. Сондай-ақ, эмоционалдық білімділікке, көпшілікпен тіл табысуға, стресстік жағдайларды басқаруға үйрету.
Жоба өңірлік “Ассамблея жастары” ұйымымен бірлесіп іске асырылмақ.
Бүгін Достық үйінде алғашқы басқосу өтті.
Басқосуда “Қызылорда облысы бойынша әйелдер күштерінің Альянсы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рахима Ахметова бұл мектепте жастардың көшбасшылық қасиетін шыңдаумен қатар, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жолында бағыт-бағдар берілетінін атап өтті.
-Мектептің міндеті – әрбір жас тұлғаны қабілеті мен шығармашылық мүмкіндігін ашуға, өзін-өзі тәрбиелеуге мүмкіндік беру. Жастар түрлі саладағы адамдармен конструктивті қатынас орнатып, көшбасшылықтың нақты технологиясын меңгереді,-деді.
“Қоғамдық келісім” КММ директоры Бақытжан Камалов жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту проблемасына тоқталып өтті. Ол жастарды азаматтық жауапкершілікке, біліктілік қабілеттерін, денсаулық сақтау ортасын, жан-жақты дамыған интеллектуалды құзыретті тұлға болып қалыптасу жолында жұмыс істеуге шақырды.
Ал “Ассамблея жастары” ұйымының көшбасшысы Елена Пак жастар тарапынан гуманитарлық және әлеуметтік бағыттағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Жаңа жобаға сәттілік тіледі.
Өз кезегінде жастар сұрақтар қойып, алдағы бірлескен іс-шараларды талқыға салды.