Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінің байланысы нығая түсті. Олай деуімізге себеп – іргелі екі оқу орны қос дилом беру бағдарламасын іске асырып, тереңдетілген сапалы білім беру жобаларын жүзеге асырмақ. Осыдан 1 жыл бұрын екі тараптық келісім нәтижесінде, 2025 жылдан бастап Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері қос диплом бағдарламасы бойынша білім алмақ. Бұл мүмкіндік Ел Президенті қатысқан Қазақстан-Корей бизнес форумы барысында университеттер арасындағы келісім бойынша қол жеткізілді. Осыған орай, бүгін Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма Төрағасы-Ректор Бейбіткүл Кәрімова БАҚ өкілдеріне өткізген брифинг барысында толықтай баяндап берді.

– 2023 жылдың мамыр айында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың Сеулге сапары барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламасын құру мүмкіндігі туралы келіссөздер өткен болатын. Осы келіссөз нәтижесінде біздің университет базасында жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі ашылды. Бұл институтта киберқауіпсіздік, бағдарламалау және бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер және информатика бойынша бірлескен білім беру жобасы әзірленді. Осы оқу жылынан бастап студенттер аталған бағдарламалар бойынша білім алады. Сонымен қатар, осы жылдың сәуір айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Сеултехиегі жұмыс сапары барысында білім беру қызметтерінің спектрін кеңейту және қос диплом бағдарламасы бойынша кадрлар даярлау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Корея Республикасы Президенті Юн Сок Ёльдің мемлекеттік сапары аясында Астана қаласында Инвестициялар және бизнес, ғылым және білім беру саласында бірқатар іс-шаралар өткізілді. Осы іс-шаралар шеңберінде Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университеті мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасында «AI architect», «Data management» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша бакалавриат деңгейінде кадрлар даярлау туралы екіжақты келісімге қол қойылды. Айта кетейін, қос диплом беру бағдарламасына сәйкес, Корея Республикасының білікті ұстаздары біздің студенттерге сабақ беріп, озық тәжірбиелерімен бөліседі,- деді ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

Жасанды интеллект – заман талабы. Жүйе пайда болғалы адамдардың өмірі айтарлықтай жеңілдеді деуге болады. Ал бұл саланың мамандарын дайындаудағы жұмыстарды жоғарғы оқу орындары қалай шешуде?

– Студенттерді қос диплом бағдарламасы бойынша оқуға қабылдау 2025-2026 оқу жылынан басталады. Бағдарламаны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебіне түскен студенттер пайдалана алады. Келісім аясында студенттер Қазақстанда алғашқы төрт семестр оқиды, келесі төрт семестрді Сеул Ұлттық Ғылым және технологиялар университетінде жалғастырады. Қабылданатын студенттер ағылшын тілі пәнін еркін меңгергендігі және салаға деген қызығушылығы ескеріледі,- деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Жасанды интеллект институтының директоры Нұрлан Серікұлы.

 

БӨЛІСУ